Жаңалықтар

Астанада «Дала қасқыры» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Астанада «Дала қасқыры» фильмінің жабық көрсетілімі өтті
Фото: Видеодан кадр 13.08.2024 19:29 504

Астанада "Ұлттық киноны қолдау" мемлекеттік орталығы және Golden Man Media компаниясының қолдауымен түсірілген «Дала қасқыры» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Кинотуынды 15 тамыздан бастап ел кинотеатрларына жол тартпақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Дала қасқыры» – триллер мен драма элементтерін біріктіретін фильм. Шығармашылық топ сценарий жұмыстарына 10 жыл бұрын кірісіп, оны 2021 жылы аяқтаған. Кейін түсірілім жұмыстары басталған.

Түсірілім жұмыстарына 100-ден астам маман қатысқан. Қауіпті трюктерді қазақстандық каскадерлер орындаған, бұған қоса Беларуссиядан арнайы мамандар да шақырылған. Фильмде жоғалған ұлын іздеген Тамара есімді әйелдің оқиғасы баяндалады. 

«Дала қасқыры» – кейіпкерлерімен, баяндауымен ерекше фильм. Мұндағы кейіпкер әйел қатты қайғырып тұрғанмен, рухы мықты, мінезі қайсар. Туындының шырайын келтірген де өзі. Фильмнің халықаралық фестивальдарда жүлде еншілеуі соның дәлелі, – дейді фильмнің продюсері Әлия Меңдығожина.

Канададағы Fantasia Film Festival фестивалінде «Дала қасқыры» фильмінің актерлері Берік Айтжанов пен Анна Старченко «Рөлді үздік орындағаны үшін» номинациясы бойынша марапатталды. Сонымен қатар фильм операторы Еркінбек Птыралиев Оскар академиясының мүшесі болды.

Бұл «Дала қасқырының» бірінші жетістігі емес. Аталған кинотуынды өткен жылы Роттердам кинофестивалінде жоғары бағаланды. Сондай-ақ Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальда бас жүлде иеленді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға