Жаңалықтар

Астанада «БІЗ БІРГЕМІЗ FEST» қайырымдылық фестивалі өтті

Онда әлемге танымал Димаш Құдайберген бастаған әншілер өнер көрсетті
Астанада «БІЗ БІРГЕМІЗ FEST» қайырымдылық фестивалі өтті
Фото: senate.parlam.kz 26.12.2022 22:17 1317

Астанада «Біз біргеміз Fest» атты музыкалық қайырымдылық фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген және басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары мен мүгедектігі бар әртістер өз өнерлерін көрсетті.

«Біз біргеміз Fest» іс-шарасында еліміздің барлық өңірлерінен келген дарынды балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастар бас қосты. Концерт Балалар жылы аясында ұйымдастырылды және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған.

Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде балалардың әл-ауқаты, олардың интеллектуалдық, шығармашылық және рухани дамуы ұлтымыз үшін маңызды басымдықтар екенін айтты.

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтары туралы түсінік өзгеріп жатыр. Әділетті Қазақстан дегеніміз - ең алдымен, инклюзивті Қазақстан. Біз көмекке мұқтаж әр азамат, әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезінуге тиіс қоғам құрып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осындай міндет жүктеп отыр. Сондықтан мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдап, кедергісіз орта және инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін тиісті жұмысты жалғастыра береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін барлық шара қабылданатынын атап өтті. Мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуге, дарынды жастар мен балаларды қолдауға, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған заңдар қабылданады.

Палата Спикері фестивальді ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға алғыс айтып, барша өнер иесіне шығармашылық жолда жаңа жеңістерге жетуге тілектестігін білдірді.

Белгілі отандық өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсету ерекше әрі жас талант иелерін ынталандыра түсетіні анық. Әншілерге шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі концерттен жиналған қаражат мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына жабдық сатып алуға жұмсалады. Мұның бәрі өнер кез келген кедергі мен таптаурындарды бұзып, игі істер жолында барлығын біріктіре түсетінін көрсетеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Фестиваль аясында Кенжебек Нұрдолдай, SENSITIVE би тобы, Алтыншаш Мұқатаева сынды ерекше қажеттілігі бар музыканттар мен бишілер өнер көрсетті. Сондай-ақ әйгілі әнші Димаш Құдайберген, эстрада жұлдыздары: Тамара Асар, Назима, «Бастау» тобы, Aidyn және тағы басқалары өз өнерлерін көрермендердің назарына ұсынды.

Шараны Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қоры және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға