Астанада Біржан салдың 190 жылдығына орай кеш өтеді
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері Біржан салдың 190 жылдығына арналған «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәстүрлі өнер кешін ұйымдастырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Арқа өңірінің ән-күй мектебі – өзге өңірлердің əн салуы мен күй шертуіне ұқсамайтын өзіндік мəнері бар ерекше мектептердің бірі. Арқаның дәстүрлі өнер мектебі атақты қазақ әдебиетінің, мәдениетінің XIX ғасырдағы өкілі, қазақ ән өнерінің, сөз өнерінің бірі һәм бірегейі Біржан сал Қожағұлұлының есімімен тығыз байланысты.
Біртуар тұлға Біржан салдың 190 жылдығына орайластырылған рухани кешке атақты күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Айзат Қарабек, еліміздің абыройын халықаралық ареналарда асқақтатып жүрген Перизат Тұрарова, Дінисламбек Жайлаубай, Қайрат Айтбаев, Бауыржан Мұхаметбай, Венера Табыс, Ақерке Тәжібаева, Асқар Мұқият, Біржан Айтахмет, Дария Бекпенбетова сынды дарынды өнерпаздар қатысады.
Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы әртістерінің музыкалық кеші қазақтың атақты әнші-композиторы, ақын Біржан салдың шығармашылығы мен өнерін өскелең ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
Концерт 24 мамыр күні ҚР ҚК Ұлттық әскери-тарихи музейінде сағат 19:00-де өтеді.