Астанада бір күнде 57 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Астанада толассыз жауған қар мен көктайғақтың алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызметтер тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің ұсынған мәліметке сүйенсек, наурыздың 11-і мен 12-сі аралығындағы түнгі ауысымда қар тазалау жұмысына 444 жол қызметкері мен 1808 арнайы техника жұмылдырылған.
11 наурызда коммуналдық қызметтер 4199 ауыр жүк көлігімен қаладан 56 727 текше метр қар шығарды. Ал жалпы елордада қыс мезгілігінің басынан бері 584 773 ауыр жүк көлігімен қаладан 7,3 миллион текше метрден астам қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады. Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие,-делінген әкімдік мәліметінде.
Айта кетсек, қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
