Жаңалықтар

Астанада балалы ер адамға соққы жасаған Бейбіт Шүменовтің әйелі АҚШ елшілігінен көмек сұрады

Астанада балалы ер адамға соққы жасаған Бейбіт Шүменовтің әйелі АҚШ елшілігінен көмек сұрады
Фото: instagram.com/beibutshumenov 15.07.2023 14:52 2692

Астанадағы қоғамдық демалыс орындарының бірінде балалы ер адамға бірнеше рет соққы жұмсаған кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты іс одан сайын ушығып барады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шулы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалған соң боксшының жұбайы АҚШ елшілігінің көмегіне жүгінген. Tengri Sport-тың жазуынша, АҚШ азаматы Кэри (Бейбіт Шүменовтің әйелі) қандай қадамға барғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жанжал туындамас бұрын балалы ер адамға аулақ кетуді сұраған. 

Мен оған бірнеше рет аулақ кетуді айттым. Тіпті дауыс көтердім. Бейбіт ер адам көтеріп тұрған балаға қол жұмсаған жоқ, - деді боксшының жұбайы. 

Кэридің сөзінше, ол қазақстандық органдардық "әрекетсіздігінен" кейін АҚШ азаматы ретінде елшіліктен көмек сұрауға мәжбүр болған. Сондай-ақ, америкалық азаматша өзінің баласының ойын алаңында басқа баладан таяқ жегені үшін жанжалға қатысты екінші тарапты айыптап отыр. Себебі, шағымданушы адам оның күйеуіне пышақпен шабуыл жасаған. Содан соң сынған шөлмекпен ұрмақ болған. Олар демалыс кезінде зардап шеккендіктен күйеуі амалсыз қорғануға көшкен. 

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Астанадағы қоғамдық демалыс орындарының бірінде боксшы Бейбіт Шүменов кішкентай баласын көтеріп алған ер адамды соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз. 

Зардап шеккен адамның қорғаушысы Қанат Тілеужан полиция мен прокуратураның істі жүргізуге келгенде құлықсыз екенін мәлімдеді. Кейін ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев Бейбіт Шүменовтің төбелесі туралы толығырақ таратып, түсініктеме берді. 

Сонымен қатар,  Бейбіт Шүменов қоғамда шу тудырған төбелеске қатысты өз ойын білдірді.  Бұдан бөлек, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан Бейбіт Шүменовті жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады. 

Кейін ІІМ Бейбіт Шүменовке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша боксшының 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін атады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға