Астанада әйелдерді қорғау бөлімшесіне 26 жыл толды

Астанада полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің құрылған күні салтанатты түрде атап өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, бөлімше 1999 жылы құрылған. Салтанатты шараға мекеменің қызметкерлері мен ардагерлері, депутаттар мен үкіметтік емес сектор өкілдері жиналды.
Бұл бөлімше алғашында әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шабуылдардан қорғауды қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны тоқтату мақсатында құрылған. Алайда 2025 жылдың қаңтарынан бастап арнайы бөлімшенің өкілеттігі кеңейтілді. Енді отбасының барлық мүшесін қорғауға арналады.
Бұл мекеме 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ биылдан бастап құрылымымызды өзгерттік. Бұрын бөлімше әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысса, қазір балаларды, қарттарды және ер адамдарды да қорғаймыз, - деді Астана қалалық ПД Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы Гүлмира Шрахметова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлия Жүсіпова іс жүзінде қалай өтетінін айтты.
Қала бойынша бөлімшеде 48 адам бар. Біздің міндетіміз – зардап шеккендерге қатысты жұмысты үйлестіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу. Біз жұртқа тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сұрақтары немесе басына түскеноқиғалары болса хабарласуға болатын бөлімше бар екенін түсіндіреміз. Қазір адамдар бізге бөлімшенің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы хабарласып жатыр. Сондай-ақ 111 сенім телефоны жұмыс істейді. Немесе 102 нөміріне хабарласуға болады, - деді Әлия Жүсіпова.
Кездесуге қатысушылар жас қызметкерлермен тәжірибе алмасты. Іс-шара соңында бірқатар полиция қызметкеріне грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілсе, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері алғыс хаттармен марапатталды.
