Жаңалықтар

Астанада әйелдер құқығын қорғау форумы өтті

Астанада әйелдер құқығын қорғау форумы өтті
Фото: polisia.kz 09.02.2023 19:11 1386

Астанада ІІМ Қазақстандағы Фридрих Эберт қорымен бірлесіп ұйымдастырған Мемлекеттік органдардың, ғылыми топтардың, ҮЕҰ өкілдерінің, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Әріптестік – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы» атты халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Форумның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ агрессорлармен жұмыс жасау саласында мемлекет пен азаматтық қоғамның түрлі институттары арасында өзара іс-қимыл құру.

Өз сөзінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тоқтату Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселесі болып табылатынын атап өтті. Зорлық-зомбылықтың өсуі қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Бұл мәселе ел Президентінің ерекше бақылауында, бұл оның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты. Өткен жылдың қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берілді. Оны орындау үшін ІІМ мемлекеттік органдармен келісім бойынша заңнамалық өзгерістер әзірледі. Біріншісі – өтініш беруден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтап тіркеу сипатына көшу. Бұл жәбірленушінің өтінішінсіз бұзақыны жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Екіншісі – тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін жою. Үшіншісі – тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту. Үкімет пен Парламент Мәжілісі бұл тәсілдерді қарады және мақұлдады. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Сенатында, – деді Ахметжанов.

Министрдің мәліметінше, соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 3 есеге артқан. Сонымен бірге, олардың 60%-ы бойынша полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады. Ал өтініш болмаса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды.

– Жазасыздық – бұзақылық әрекеттің өршуіне ықпал етеді және одан да ауыр зардаптарға әкеледі. Ағымдағы жылы 18 тұрмыстық жанжал өліммен аяқталды, – деп қосты ол.

Сондай-ақ, форум барысында агрессорлармен жұмысты іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл тақырыбы қозғалды. Отандық сарапшылар агрессорлармен жұмыс істеу кезіндегі мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы айтып берді.

Сонымен қатар, шетелдік сарапшылар Германияда кеңінен қолданылатын «ODARA» тұрмыстық зорлық-зомбылық арасындағы тәуекелдерді бағалаудың халықаралық құралын таныстырды.

«ODARA» – жақын әлеуметтік қарым-қатынастардағылардың зорлық-зомбылық жағдайларын қарастыруға мүмкіндік беру үшін Канаданың психикалық денсаулықты зерттеу орталығы әзірлеген сауалнама. Бұл сауалнама полиция қызметкерлеріне жұбайы тарапынан зорлық-зомбылықтың қайталану ықтималдығын бағалауға септеседі. Сауалнама 13 сұрақтан тұрады және тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Форум соңында еліміздің үш қаласында – Астана, Алматы және Павлодарда осы құралды енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, форум Қазақстан Республикасы Президентінің  «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Бүгін және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасының негіздерін іске асыруға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға