Астанада ауқымды экологиялық айлық басталды
Бүгін, 13 сәуір күні, Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық айлық басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.), еріктілер, оқушылар мен студенттер, МИБ (ПИК) және т.б. қатысты.
Қалалық әкімдік мәліметінше, эко-айлық аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. өткізіледі.
Елордада әрбір тұрғын тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосып жатыр. Қала тұрғындары бүкіл кіреберістермен өз аулаларын таза етуге білек сыбана кірісті.
Экологиялық акция кезінде бес ауданның әрқайсысында ағаштар мен бұталар отырғызылады.
Іс-шарадан алған әсері жайлы Есіл ауданының тұрғыны да ой білдірді.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғат пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау өте маңызды. Сондықтан бізбен бірге балалар мен ата-аналар шықты, олар да тазалыққа атсалысады. Себебі, олар – осы ауланың тұрғындары. Біздің көршілеріміз өте тату, біз ауламызды таза әрі ұқыпты ұстап қана қоймай, қалалық іс-шараларға бір кісідей шығамыз, - дейді белсенді тұрғын Қабылхан Байысов.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ жолдарды ретке келтіру жөніндегі науқанды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Алғашқы аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
20 сәуірге дейінгі аптаға «Киелі мекен» атауы беріліп, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмысына арналады.
20-27 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» апталығы ағаш көшеттерін отырғызуға, ағаштарды ақтауға арналады.