Астанада Ауған соғысынан оралмаған қазақстандықтарды еске алды

Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін АДР-нан шығарылуына 36 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында елордада Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл сайынғы еске алу акциясына Ауған жауынгерлері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-майорлар Мүслім Даиров пен Марат Нағұманов, қалалық әкімшілік өкілдері, "Қазбат” жауынгерлік іс-қимылдары мен бітімгершілік операциялар ардагерлері одағы", "Қазполк” Ирактағы жауынгерлік іс-қимылдары мен бітімгершілік миссиялар ардагерлері одағы, "Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан жауынгерлік іс-қимылдарының ардагерлері" қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, қаза болған жауынгерлердің туыстары мен әскери қызметшілер қатысты.
Жиналғандар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Құрмет қарауыл ротасы мемориалға гүл шоқтары қойды.
Халық даналығы: "ардагер кеңес бере алады, ал жастар – елдің үміті" дейді. Мұнда тұрған ауған жауынгерлері алпыс жаста, Біз болашақ үшін біртұтас болуымыз керек. Жас ұрпаққа біз көрген және бастан өткерген нәрселер туралы айту керек. Өз Отанының тарихын білетін жастар өз еліне пайда әкелуге ұмтылатын болады, – деді Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
Сол күні ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында концерт өтті. Көрермендер арасында Ауған жауынгерлері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледждің ұландары болды.
Сахнадан ауғандағы жаралы жылдарды елестетін әндер шырқалды.
Қонақтарды Ауғанстандағы соғыс тарихы фактілерімен таныстыру мақсатында Ұлттық әскери-патриоттық орталық залдарының бірінде қазақстандықтардың Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысуы туралы баяндайтын әскери-тарихи музей қорынан фотоаймақ және ақпараттық көрме ұйымдастырылды.
