Астанада әскери байланысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады
Елорданың Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Әскери байланысшылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды El.kz
Шара барысында байланысшылар қолданатын техникалардың заманауи үлгілерінен көрме ұйымдастырылды. Жиынға келген құрметті қонақтар мен байланыс әскерлерінің ардагерлеріне осы әскер тегінің соңғы жылдарда қалай жетілдірілгені және жеткен жетістіктері туралы айтылды.
Байланысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Фазылолла Бәденов байланыс әскерлерін Қарулы күштердің басты күші деді. Сондай-ақ ол кез келген жағдайда әскерлерді үздіксіз және тұрақты басқаруды қамтамасыз ететін мамандардың дайындық деңгейі жоғары екенін де атап өтті.
– Кез келген жағдайда аса күрделі тапсырмаларды орындайтын Қарулы күштердің байланыс әскерлері сауатты, кәсіби тұрғыда дайындалған ұжым. Заманауи технологияны меңгеріп қана қоймай, оны әзірлеуге және жетілдіруге белсене атсалысып жүрсіздер, – деді генерал-майор Фазылолла Бәденов.
Жиында еліміздің Қарулы күштерінің байланыс әскерлерін негізін қалаушылардың бірі отставкадағы генерал-майор Мүбәрак Орынбеков те сөз сөйледі. Ардагер техника деңгейінің айтарлықтай жақсарғанын атап өтіп, байланысшыларды заман талабына сай болуға шақырды.
– Президенттің басшылығымен Жаңа Қазақстанды құрып келеміз, армия ел тәуелсіздігінің сенімді тірегі болуы керек, – деді құрметті қонақ.
Салтанатты жиын Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы, сондай-ақ Астана гарнизонындағы байланыс бөлімшелерінің әскери қызметшілері дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.