Жаңалықтар

Астанада әскерге шақырылғандарды шығарып салу рәсімі өтті

Астанада әскерге шақырылғандарды шығарып салу рәсімі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 28.04.2024 08:33 668

«Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат» әскери-патриоттық акциясы аясында өткен іс-шара Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 79 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордадағы «Жастар» сарайына Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери колледж ұландары және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері жиналды. 

Оқушылар мен студенттер 68665 әскери бөлімінің басшылығы ұйымдастырған әскери техника мен қару-жарақ көрмесіне ерекше қызығушылық танытты.  

Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов көктемде әскерге шақырылған жас сарбаздар жөнінде баяндап өтті.  

Біз ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметін жасақтауды толық аяқтадық. Қазір Қарулы күштерге қабылдау жүріп жатыр. Маусым айында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін жасақтай бастаймыз. Қазақстан бойынша наурыздан маусымға дейін барлығы 18 жастан 27 жасқа дейінгі 20 мыңнан астам жас қазақстандық әскер қатарына шақырылады. Әскерге шақырылушылардың жартысынан көбі қазіргі кезде әскери бөлімдерге жіберіліп, әскер қатарында тұр, – деді Ғани Артықов.   

Астананың 19 жастағы тұрғыны Нұрдәулет Рамазан алған әсерімен бөлісті.  

– Шынымды айтсам, әсерімді айта алмаймын. Өмірім күрт өзгерді. Алда бәрі қатаң ереже пен тәртіпке бағынады. Дегенмен бұл пайдалы болады деп ойлаймын. Қызмет мінезді шыңдап, көп нәрсені үйретеді, – деді ол.  

Павлодарлық Айбек Сайлаухан әкесінің Шекара әскерлерінде қызмет еткенін айтты. 

Мен әрқашан әкемді мақтан тұтамын. Енді мен туған-туыстарымның сенімін ақтауға тырысамын. Әрқайсымыз армия мектебінен өтіп, қару ұстауды үйреніп, Отанымызды қорғауға дайын болуымыз керек деп санаймын, – деді А. Сайлаухан.  

Ауқымды іс-шара аясында 1945 жылы ақпанда Калининград облысында Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен Ақмола облысының тумасы, гвардия аға сержанты Әбдікәрім Өмірзақовтың туыстарымен кездесу өтті.     

77 жыл бойы туыстары оны ұзақ іздеді. Міне, ресейлік «Совесть» іздеу жасағы сегіз кеңес жауынгерінің сүйегін және бес марапатын тапты. Олардың ішінде біздің жерлесіміз Әбдікәрім Өмірзақов нөмірлік белгі бойынша анықталды, – деп түсіндірді запастағы полковник Ғани Артықов. 

Бауырластар қабірінен бір уыс топырақ пен «Ерлігі үшін» медалін Әбдікәрім Өмірзақовтың туыстарына «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов салтанатты түрде табыс етті. 

Марқұмның туған ағасының немересі Рабиға Мәуленова Қорғаныс министрлігіне, ресейлік «Совесть» және Павлодардан келген «Майдан жолы» жасақтарының іздеушілеріне алғысын білдірді. 

Ғани Артықов атап өткендей, мұндай іс-шаралар жадымызда сақтау, жауынгерлік дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын алға тарту үшін өте маңызды. Сондай-ақ, биылғы жылы Ақмола облысының тумалары, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев және Даңқ орденінің толық иегері Әлмұқан Сембиновтың жүз жылдық мерейтойы атап өтілетінін мәлімдеді. Олардың өмір жолы – батылдықтың, төзімділіктің және Отанға деген үлкен сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға