Астанада «Ашық саясат» сараптамалық клубының отырысы өтті
Астанада Еуразиялық интеграция институты «Ашық саясат» сараптамалық клубының «Жаңа демократиялардың даму трендтері: Қазақстан және әлем» атты отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесуде ҚР тұңғыш президенті кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Ешмұратов Президентіміз айтқандай әділ қоғамды құру, елімізге оң әсерін тигізетінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдаған Жолдауында әділ қоғам, әділ мемлекет, әділ экономиканы құру қажет екенімізді атап өткен болатын. Осы аталған принциптер іске асатын болса, елімізде көптеген өзгеріс орын алады», - деді ол.
Сонымен қатар Арман Ешмұратов демократияны бір уақыттың ішінде құру мүмкін емес дейді. Оған міндетті түрде көзқарасты өзгеріп, институттарды қалыптастыру қажет.
«2019 жылдан бастап қоғамымыз өзгере бастады. Себебі көбісі қорықпай, ашық түрде өзекті мәселелерді көтерді. 2021 жылы ауылдардағы әкімдердің тікелей сайлауы басталды. Осылайша біз қоғамдағы өзгерістермен бірте-бірте демократияға келеміз», - деді ол.
Отырыста сарапшылар шетелдің демократиялық процестерді дамытудағы тәжірибесі жайлы сөз қозғады.
Атап айтқанда, өтпелі демократияның өзекті және классикалық тұжырымдамалары нақты халықаралық мысалдарды келтіре отырып қарастырды.
Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушылары қазақстандық тәжірибені де талдады. Қазіргі заманғы саяси реформалардың тиімділігін, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алдағы депутаттарды сайлау контексін бағалады.
Дөңгелек үстел отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстин, заңгер, саясаттанушы Марат Башимов, саясаттанушы Ассоль Мирманова және де кездесуге қызығушылық танытқан басқа да азаматтар қатысты.