Астанада алып спортшылар өзара күш сынасты
Елордадағы «Астана Триатлон» саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай қалалық «Толағай» алыптар сайысының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ұлы Даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирде білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай қаламыздың 11 спортшысы бақ сынады.
Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін көтеріп апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.
Ұйымдастырушылар темірден түйін түйіп, нар көтеру – байырғы ұлттық дәстүріміз екенін айтады. Жарыстың ұйымдастырушысы әрі жоба авторы Тимур Спатаев қазақ балуандарын әлемдік деңгейге таныту мақсатында игі іс-шара осымен екінші жыл қатарынан Астана төрінде өтіп жатқанын атап өтті.
Толағай алыптар сайысы Астана қаласында екінші рет өткізіліп отыр. Бұл сайыс қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады. Қалалық біріншіліктер бұған дейін Түркістан, Алматы, Ақтау қалаларында өтті. Енді мұндай іріктеу алдағы уақытта басқа өңірлерде өтеді. Жарыстың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту. Алыптар сайысына қолдау білдірген Астана қаласы әкімдігіне және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін, - деді ол.
Бес сайыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Маутан Жаннұр иеленсе, екінші және үшінші орындарды Тоққұлов Қанат пен Шаймерден Біржан еншіледі. Алдағы республикалық турнирде Астана қаласының намысын Маутан Жаннұр қорғайды. Айта кетейік, жалпы жүлде қоры бір миллион теңгені құрайтын турнир Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.