Астанада алғашқы «Startup Nation Forum» өтті

Астанада еліміздің бизнес, білім беру және мектептегі инновациялық жобаларын тоғыстырған алғашқы «Startup Nation Forum» форумы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараны «Ulttyq Ustaz академиясы», Alem University және UBES High School ұйымдары бірлесіп ұйымдастырды. Форум Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл форум – еліміздегі бизнес пен білім беру салаларын ұштастырған тұңғыш ірі алаң ретінде тарихта қалмақ. Шара бағдарламасы үш негізгі сессияны қамтыды.
Алғашқы сессия стартап негізін қалаушылар, инвесторлар және бизнес-сарапшыларды бір арнаға тоғыстырды. Қатысушылар 2025 жылғы жаңа бизнес трендтері, заманауи технологиялар және даму стратегиялары төңірегінде пікір алмасты. Сессия барысында панельдік пікірталастар мен интерактивті форматтағы сұхбаттар ұйымдастырылды.
Екінші сессия білім беру ұйымдарының басшылары мен сарапшылары үшін арналды. Бұл бөлімде басқару және оқу үдерісіне заманауи бизнес құралдарын енгізу тәжірибесі ортаға салынды. Қатысушылар үшін белгілі бизнес-тренер Айдын Избасар «Ұлттық код және заманауи бизнес-стратегиялар» атты шеберлік сабағын өткізді.
Үшінші сессия 8-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналды. 25 сәуір күні өткен бизнес-идеялар байқауында оқушылар өздерінің тың жобаларын ұсынды. Байқауға кез келген экономика саласына қатысты идеялар мен дайын жобалар қабылданды. Қатысушылар өз жұмыстарында идеяның сипаттамасын, мақсатты аудитория мен бәсекелестерге жасалған талдауды, бизнес-модельді, қаржылық жоспарды және тәуекелдерді азайту жолдарын көрсетуге тиіс болды.
Сонымен қатар, форум аясында 25 сәуір күні «БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі менің рөлім» атты қалалық мектеп оқушыларының зерттеу-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Конференцияны БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН), Экономикалық зерттеулер институты және Астана қаласы Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
«Startup Nation Forum» – жас кәсіпкерлерді, білім беру ұйымдарының көшбасшыларын және дарынды оқушыларды біріктірген бірегей алаң ретінде қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.
