Астанада алғаш рет Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті

Астанада алғаш рет рухани және мәдени тарихпен танысу мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» атты көрмесі өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Астана қаласының Мемлекеттік архиві, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы, Еуразия ұлттық университеті және «Amanat» партиясының өкілдері, ғалымдар мен сала мамандары қатысты.
Көрмеге келушілер XVIII-XX ғасырларда жарық көрген араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған 30-дан астам сирек кездесетін кітаптар және 50-ге жуық қолжазбамен танысты. Сонымен қатар Марал ишанның ұлы Қалмұхаммедтің, Сейітпенбет әулие, Бұқарбай батыр және Сердәлі бидің мөрлері мен Сыр өңіріндегі өнер иелері қолданған сегіз музыкалық аспаптары көрмеге қойылды.
(Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі)
Көрме барысында қонақтар қазақ халқының рухани қазынасы болып саналатын өзге де көне, құнды жазба мұралар мен тарихи жәдігерлер туралы мәлімет алды.
