Жаңалықтар

Астанада Әкелер форумы өтті

Жиын осымен жетінші рет өтіп отыр
Астанада Әкелер форумы өтті
Фото: muftyat.kz 15.12.2022 06:30 2326

Елордада «Отбасы – ұлт тірегі!» атты VII республикалық әкелер форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жиында «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет әкелер бірлестігінің құрылу тарихына тоқталып, форумның маңыздылығын айтты.

Әкелер форумында ұлттық құндылықтар, патриотизм, инклюзия, отбасылық білім, өмірлік дағдылар, мектептердегі әкелер кеңесі және бұқаралық спорт тақырыптарында 7 сессия өтті.

Биыл Әкелер одағының құрылғанына 10 жыл толады. Осы жылдар ішінде қозғалыс еліміздің барлық өңірлерін қамтыды. Жауапты, саналы және позитивті ата-ана болуға бағытталған 1000-нан астам жоба іске асырылды, - деді М.Айтмағамбет форумның ашылуында.

Педагог-коуч Ғалымбек Бермағамбетовтің айтуынша, Әкелер форумының нақты нәтижесі – көп мектептерде әкелер кеңесінің құрылуы болды.

Көп жағдайда мектепте ата-аналар жиналысы десе, оған аналар ғана баратын. Ал қазір әкелер кеңесі жиі өтеді, жылдық жоспар жасалып, әкесі жоқ балаларға әке орнын толтыру мәселелері талқыланады. Тағы бір өзекті мәселе – қазіргі әкелер көбіне банкоматқа ұқсап барады, тек материалдық қажеттілікке ғана мән беру көбейді. Бала тәрбиесін де бизнес тілімен айтсақ, өз жұбайына, тәрбиешіге «аутсорсқа» жіберді. Ана қанша жерден мықты болса да, әкенің орнын толтыра алмайтынын, әке де ананың орнын, мұғалім де ата-ананың орнын баса алмайтынын жақсы білеміз. Әкелер одағы осы мәселені халыққа жеткізіп, ой салуға тырысып жүр, - деді Ғ. Бермағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға