Жаңалықтар

Астанада 900-ге жуық балаға арналған аутизм орталығы ашылды

Астанада 900-ге жуық балаға арналған аутизм орталығы ашылды
Фото: gov.kz 01.04.2023 10:07 3038

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және білікті көмекпен барынша қамту үшін оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Биыл бірқатар мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандарды, оның ішінде оңалту орталықтарын ашуды қарастырамыз. Мұндай орталықтардың ашылуын ата-аналар тағатсыздана күтетінін білемін. Бүгін «Асыл Мирас» аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталыққа бардым. Бұл – Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші орталық, - деді әкім.

Қазір мұғалімдерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр, көп ұзамай балалар осы орталыққа баратын болады. Жаңа орталық жылына 900-ге жуық баланы қамти алады.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар қатынайтын №89 балабақшаға бардым, өйткені бүлдіршіндердің әлеуметтенуі маңызды. Онда «Болашақ» Корпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Кездесуде ата-аналар тьюторларды дайындау мәселесін көтерді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Оңалту орталықтары балалардың денсаулығын сақтауға, оң нәтижелер көруге әрі оларды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді, - деп жазды елорда әкімі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға