Жаңалықтар

Астанада 70 гектардан асатын экопарк салынады

Қазір жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынды
Астанада 70 гектардан асатын экопарк салынады
Фото: gov.kz 19.11.2022 15:06 1349

Астанада саябақ кластері көбірек ашылады және Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынады. Экопарктің жалпы аумағы 70 гектардан асады. Экопарк жобасы Кіші Талдыкөлде су балансын сақтай отырып, қала тұрғындарына арналған табиғи-рекреациялық аймақ құруды көздейді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Қазір жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмысына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Айта кету керек, бұл аумақта экопарк салу қала тұрғындары мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына демалуға және табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік береді.

Сол сияқты жасыл желек бойында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым салынатын болады, оған құм-қиыршық тас қоспасын пайдалану жоспарланып отыр. Саябақтың дизайны мен оның элементтеріне ерекше мән беріледі. Қоршаған ортаға зияны тимейтін табиғи материалдар пайдаланылады, ал бұл экоурбанизмге сәйкес келеді.

Абаттандыру барысында табиғи жағдайларға, ойын алаңдарына және табиғи материалдардан жасалған шағын сәулет нысандарына көңіл бөлінеді. 12 мыңнан астам ірі ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр, сол сияқты аумақты көгалдандыруға да ерекше назар аударылатын болады.

Кіші Талдыкөлдің іргелес аумағы игеріледі. Онда әлеуметтік нысандар орналасады: мектептер, медициналық орталық, тұрғын үйлер, балабақша және т.б.

Ал Талдыкөлде (үлкен Талдыкөл) экологиялық инфрақұрылым мәселесіне назар аударылады. Үлкен Талдыкөл көлінің жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға