Жаңалықтар

Астанада 115 мыңнан астам адам ауқымды экоакцияға қатысты

Астанада 115 мыңнан астам адам ауқымды экоакцияға қатысты
Фото: Астана қалалық әкімдігі 13.04.2024 17:09 646

13 сәуірде Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, оған қаланың 115 мыңнан астам тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және басқалар), еріктілер, оқушылар мен студенттер, ОСИ (ПИК) және басқалар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Акция қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Экоакция шеңберінде қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т. б. өткізіледі.

Әрбір тұрғын елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуда. Қала тұрғындары барлық кіреберістермен өз аулаларын таза ету үшін шықты.

Бүгінде қаланы жинауға 115 мыңнан астам адам, 3,5 мыңнан астам кәсіпорындар мен ұйымдар қатысты. Полигонға 1000 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды, аялдама павильондарын, бағдаршам нысандарын, жерасты және жер үсті өткелдерін жуу және жөндеу жүргізілді, 4600 шақырымнан астам арық желісі тазартылды, - делінген мәліметте.

Естеріңізге сала кетейік, еліміз бойынша басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ауқымды акциясы бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады.

Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады - бір апта ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды жинайды.

Екінші апта «Киелі мекен» атауын алып, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

20-27 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналады.

4 мамырға дейінгі кезең "Өнегелі ұрпақ" деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

Соңғы, бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» деп аталатын су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға