Жаңалықтар

Астана шенеуніктер емес, интеллектуалдар қаласы!

Астана қаласында "Ой-зерек" интеллектуалдар сайысы жақсы дәстүрге айналды
Астана шенеуніктер емес, интеллектуалдар қаласы!
23.10.2018 21:20 6507

Бұл клуб туралы баяғыдан жазу керек еді. Тек биыл шаруаның көптігі ме, әлде басқа себептер мен "Керек-ринг" интеллектуалдар сайысы бұрынғыдай көп өткен жоқ. Ең алғашқы ойын 2016 жылы Тараз қаласында өткен блогқұрылтайда ұйымдастырылған еді. Танымал блогерлер Аршат Ораз бен Мерей Ермұханов әдемі танымдық сұрақтар дайындап келіпті. 

Алғашқы сұрақтардың нобайы шамамен осындай еді: 

"Басында қоңырау, терезе жабатын перде, теледидар, жолбарыс, жираф, піл, ат, қораз, аю. Соңында – кереует, кітап, ай, кемпірқосақ, ат, піл, қауырсын, құс, карусель, жұлдыздар, терезе жабатын перде. Ортасында не?"

***
"Колониялық дәуірлерден қалған дәстүр бойынша, барлық штаттардың ағылшын, латын не өзге тілде ұраны болған. 1956 жылы Флориданың ұраны тұтас елдің ұранына айналды. Қазір бұл ұран бүкіл әлемге мәлім. Атаңыз".

***
"Фин президенті Урхо Кекконеннің дана сөзіне сүйенсек, ұлттың болашағы мүлдем автомобильдер санына емес, басқа көлік түріне тәуелді. Қандай?"

Республиканың түкпір-түкпірінен келген блогерлер үшін жаңа ойын форматы қызық болды. Астана қаласында екі жыл қатарынан топ жарып жүрген "Бақсы" командасының алғашқы құрамы осы кезде құрылған еді. Команда капитаны Маралбек Сағынғанов, мүшелері: Ернар Бекенов, Дінмұхамед Зиядин, Әйгерім Кеулімжай, Гүлім Оразбаева және мақала авторы бар. Кейін команда толығымен қалыптасып, өз стратегиясы, дәстүрі қалыптасты.

Блогқұрылтай өткен соң да блогерлер ортасында ойынды біраз уақыт талқылап жүрді. Сұрақтарды, жауаптар нұсқаларын талқылап, әркім өз білетін өзге де танымдық дүниелермен бөлісе бастады. Астанада болсын, басқа қалада болсын блогерлер жинала қалғанда Аршат "ойзеректік" сұрақтарынан қойып, интеллектуал ортаның қызығушылығын қыздырған еді. Осылайша апта сайын ойы зерек, білімге құштар астаналық жастардың басын "Керек-ринг" интеллектуалдық клубы жинай бастады.

Екі жыл қатарынан өткен ойындарды ұйымдастырушылар Аршат Ораз бен Мерей Ермұханов таза энтузиазммен өткізіп жүрді.

Жастардың қызығушылығын байқаған сол кездегі "QAZAQ RADIOLARY" басшысы Мәди Манатбек ойынды тікелей эфирге шығарды. Осылайша радио форматтағы "Ой-Зерек" бүкіл Қазақстанға тарады. Кейде радиотыңдармандар шыдамай, эфирге хабарласып жауаптарын айтушы еді. "QAZAQ RADIOLARY" эфирінде өткен радио ойында 16 команда қатысып, ақтық мәреде Әлібай Бақытнұр, Абсеметов Асқар, Сұлтанов Санжар, Молдашев Дарханнан құралған Brainstorm командасы бас жүлдені алды. 

Биыл "Ой-зерек" сәл саябырсығандай болып еді. Жақында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана Интеллектуалдар Клубы бірлескен ойын өтті. Бұл жолы 18 команда, 72 адам қатысқан "Ой-Зеректің" басты тақырыбы Астана қаласы болды.

Сұрақтар Астананың тарихы мен бүгіні, болашағы турасында болды. Аршат Ораз бен Мерей Ермұханов барлығы  20 сұрақ дайындаған екен. Сайыс бұрыннан қалыптасқан командалар мен жаңа командалар қатысты. Ойыншылар да түрлі: студенттер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, блогерлер және түрлі сала өкілдері.

Тартысты өткен сайыс соңында үздік 3 команда мүшелеріне бағалы сыйлықтар берілді. Бірінші орынды аты аңызға айналып үлгерген Brainstorm командасы жеңіп алды, екінші орынды "El.kz" командасы және үшінші орынды "Ұлы дала акулалары" иеленді. 

Интеллектуал ойын қатысушыларға ғана емес, ұйымдастырушыларға да ұнаған сияқты.

- Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру, ұлттық құндылықтарды нығайту бағытында бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Бүгінгі шара да осының айғағы. Осы сайыс көпшілік арасында кеңінен танылып, сұраныс артып жатса алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар, деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп.



«Мұндай сайыстарды 2 жылдан бері өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз – Астана қаласында интеллектуал орта қалыптастыру, жастардың логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру және тілдің дамуына үлес қосу. Астана тақырыбына арналған ойынға қатысушылардың дені жастар болғанына қуаныштымыз», деді интеллектуалдық сайыс ұйымдастырушысы Аршат Оразов.

Интеллектуал клуб ойындарына қатысқан Tamasha TV арнасының басшысы Есен Елеукен жастардың бастамасын құптап, осындай шаралар мәдени, ойлы орта қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Сонымен қоса ойын форматын қалыптастырып, алдағы уақытта тележоба ретінде өткізуге әбден лайық екенін атап өтті. 

Астана қаласында интеллектуалдық жарыстарды тұрақты өткізу алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Осындай таным көкжиегін арттырып, білімге құлшынысты ынталандыратын жобалар жастар тарапынан сұранысқа ие. Шын мәнсінде астаналықтар тек жиналыс пен той-думандарға емес, интеллектуалдық жобаларға да қызығатынын аңғартты. Алдағы уақытта да осындай жобалар көбейіп, саналы буынның қалыптасуына септігін тигізе бермек деген ойдамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға