Жаңалықтар

«Astana Art Fest» – жаңа үрдістер алаңы

Елорданың туған күні
07.07.2016 09:09 5714

Астананың туған күніне орай, «Astana Art Fest» атты ауқымды заманауи өнер фестивалі екінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Astana Art Fest» – жаңа үрдістер алаңы

4 шілде күні «Нұржол» желегінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбын ашатын «Humanenergy. Адам энергиясы» арт-шоуы өтті. Бұл шараға зиялы қауым өкілдері мен белгілі музыканттар, хореографтар мен ғалымдар  қатысты. Олар шарада өзара тәжірибе алмасып, жаңа үрдістер және қазіргі заманауи бағыттармен танысты.

4-6-шілдеде фестиваль алаңында ашық аспан астында бірегей инсталляциялар мен театрландырылған қойылымдар, өнеркәсіптік дизайн және сандық өнер павильондары жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл күндері кез келген қала тұрғыны ашық Арт-форум мен медиопоэзияның зертханасына кіре алады.  Алаңда күні бойы диджейлер мен бишілер өнер көрсетеді. Ең кереметі, «Нұржол» желегіндегі әдемі мүсіндер мен балалар алаңы жаз бойы жұмыс істейді.

«Astana Art Fest» – жаңа үрдістер алаңы

Шараға қатысуға ынталы жандардың бәрі дерлік қатысып жатыр. Олар – заманауи өнер, музыка, дизайн, сәулет, және театр санаттары бойынша авторлық жобамен алдын ала өтініш беріп, 300-ге жуық жұмыстың ішінен таңдап алынған ең үздік 50 жобаның авторлары. Аттай қалап шақырылған қонақтардың арасында Алексей Шульгин, Ильдар Якубов, Аристарх Чернышев, Василий Сумин сынды ресейлік медиасуретшілер бар.

Фестиваль ұйымдастырушыларының бірі Майра Измайлова ауқымды шараны кураторлардың кәсіпқой командасы дайындап, шығармашылық жұмыстардың үлкен конкурсын өткізгенін айтты.  Ал, Астана әкімдігі қызметкерлері жобаны  «әлеуеті зор жоба» деп есептейді. Айта кету керек, ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына жыл сайын жаңа тосынсыйлар әзірлейді. Биылғы фестивальдің басты жаңалығы медиапоэзия зертханасы деуге болады.

Алаңдағы инсталляциялар «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі бөліктері – су, күн және ауа энергиясы тақырыбында жасалған.

Көрермендер интерактивті шығармашылық қойылымдарды тамашалайды. Онда күн сәулесінің көмегімен фанераға түрлі-түсті суреттер салынады. Айта кетейік, шара барысында кез келген адам осылай сурет сала алады.

«Astana Art Fest» – жаңа үрдістер алаңы

Бұл күндері «ARTиШОК» тәуелсіз театры екі бірдей қойылым ұсынады. Олар: мобильдік «Ұлан-ғайыр дала субмаринасы» және стационарлық «Нағыз астаналық». Ал, республикалық неміс драма театры «Нұржол» желегінде қазақтың жер-ана тарихына, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі мен Қазақстан халқының көпұлттылығына арналған cпектакльдер ұсынады. 

Фестивальді 6 шілде күні ҚР Ұлттық музейінде өтетін «Astana Art Fest Gala Night» шарасы қорытындылайды. Қазақстан, Швейцария, Ұлыбритания бишілері ресейлік музыканттар және режиссерлермен бірігіп, ерекше қойылым әзірлеп отыр. Олар қонақтар назарына шығармашылық адамының  пайда болуы туралы аңыз ұсынбақ.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер: Астана қалалық Мәдениет басқармасы

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға