Астана қаласында ҰБТ бойынша орташа балл - 89,2
2016 жылғы 2-6 маусым аралығында елордада Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Қала бойынша орташа балл 89,2 құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,6 баллға өскен.
Үстіміздегі жылы 4695 түлектің 3785-і тестілеуге қатысты, бұл түлектердің жалпы санының 80,6% құрайды. 887 оқушы (18,9%) дәстүрлі емтихан тапсырды, оның ішінде 262-сі - халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (жарыстардың) жеңімпазы, 625 – таяу және қиыр шетелдік ЖОО-ларға оқуға түсетін түлектер. 23 оқушы денсаулығына байланысты қорытынды аттестациядан босатылды.
Ұлттық емтиханның қорытындысы бойынша № 72 мектеп-лицейінің түлегі Нұрасыл Ержанов 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген. 1460 (38,6%) түлек 100-125 балл жинады, 150 (5%) оқушы шекті балл ала алмаған.
«Алтын белгіге» үміткер 187 түлектің (Назарбаев университетіне түсетіндіктен біреуі емтихан тапсырудан бас тартты) 127-сі өз білімін растады, бұл 67,9% құрайды, 10 оқушыға 1 баллдан жетпей қалды, 3 оқушы қайта тапсыратын болды.
«Алтын белгі» иегерлеріне аттестаттар табыстау рәсімі 17 маусымда елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда өтеді.
Ал, жалпы Қазақстан бойынша 2-7 маусым аралығында өткізілген тестілеуге 81990 бітіруші қатысты, соның ішінде қазақ тілінде – 59832, орыс тілінде – 22158 бітіруші.
Тестілеудің алтыншы күнінде мүмкін болған 125 балды 19 бітіруші жинады.