Жаңалықтар

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
Фото: instagram.com/fca.astana / instagram.com/fc__ordabasy 26.07.2023 10:35 930

Қазақстан премьер-лигасының 16-туры артта қалды. Көшбасында Шымкенттің «Ордабасы» клубы. Былтырғы чемпион «Астана» өз алаңында ұпай жоғалтты. Ол екеуінің ізін «Ақтөбе» қуалап келеді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Қызылжар» (Петропавл) 2:1

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
instagram.com/fc__ordabasy

Голдар: Чиканчи, 24 (0:1).Тағыберген 59 (1:1), Тұңғышбаев, 90+2 (2:1).

Алаңнан қуылды: Бушман, 84.

«Ордабасыға» оңай болған жоқ. Еурокубоктың алдында «Қызылжарды» қабылдаған. Фавориттерге қарсы қалай ойнау керектігін бас бапкер Әлиев жақсы біледі. Оның үстіне, Чиканчидің арқасында бірінші таймда есеп ашып, қарсыластың адымын аштырмады.

Бірақ «Ордабасы» чемпиондықты көздейтін команда керек кезде мінез таныту қажет екендігін түсінді. Әсіресе, осындайда ойын тізгінін қолға алу керек көшбасшылар белсенді. Матчтың 59-минутында Исламханнан пас алған капитан Асхат Тағыберген таразы басын теңестірді. Бұл Асхаттың осы маусымдағы тоғызыншы голы. Сонымен қатар 8 нәтижелі пас шығарған.

Ойнынның 84-минутында Юрий Бушман қарсыласқа екі аяқпен кіріп, алаңнан қуылды. Бір футболшыға аз қалған «Қызылжар» командасының жағдайын алаң иелері тиімді пайдаланды. Тағыбергеннің пасын кәдеге асырған Еркебұлан Тұңғышбаев «Ордабасыға» жеңіс сыйлады.

Біріншіден, «Ордабасы» командасын жеңіспен құттықтаймын. Осы жолы шымкенттіктермен төрт рет кездесті. Екі рет кубокта жолымыз түйісті. Соның ішінде сапасы жағынан үздігі осы шығар. Матчтың соңғы жағы он ойыншыға қалып, оңайға соқпады. Жігіттердің еңбегіне разымын. Бізге концентрация тұрғысынан өсу қажет. Өйткені осының алдында 93-минутта гол жіберіп алдық. Концентрация – үлкен клубтар мен мықты футболшылардың жетістігінің сыры, – деді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.

Шымкент командасы 17 ойыннан кейін 42 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр.

«Астана» (Астана) – «Атырау» (Атырау) – 0:0

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
instagram.com/fc_atyrau

 «Астана» еурокубоктан шаршап келді. Алда тағы ойын бар. Екі фронтта ойнауға Григорий Бабаян шәкірттерінің шамасы жете бермейтіні көрініп тұр. Қарсыласы «Атырау» да анау-мынау командаға әл бере бермейді. Ойында есеп ашылмады.

Матч қиынға соқты. Қалай десек те, біз чемпионмен кездестік. Жақында УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінен сәтті өтті. Тартысты матч болды. Қарсылас біздің «Мұнайшы» стадионына келгенде алаңда доп баяу жүреді деп шағым айтады. Астанадағы стадион чемпионаттағы доп жылдам жүретін алаң шығар. Мұндайға бейімделуге уақыт керек. Алғашқы минуттарда көптеген қателіктер болды. Жалпы, екі команда да аса қатты қауіпті шабуылдар ұйымдастырған жоқ. Тең нәтижелі әділетті, – дейді «Атырау» бапкері Виталий Жуковский.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:0

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
instagram.com/fcaktobe_official

Гол: Уго Видемон, 45+1 (1:0).

«Ақтөбенің» ойыны да әлі түзеле қойған жоқ. Бас бапкер Андрей Карповичке жанкүйерлерінің көбісі көңілі толмайды. Әйтпесе, команда құрамы чемпионаттағы ең таңдаулылардың бірі.

Дегенмен, алаң иелері «Қайсармен» матчта аса маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз голды француз шабуылшысы Уго Видемон соқты. Сөйтіп, «Ақтөбе» екінші орындағы «Астанаға» жақындай түсті.

Матчтан кейін «Қайсар» бапкері Виктор Кумыков ашулы көрінді. Тілшілерге де қысқа жауап берді.

Барлығы да түсінікті еді. Кім бірінші соғады, сол жеңетінін білдік. Бізде 100 пайыздық мүмкіндік болды. Олар өздерінікін салды. Ал біз қақпа жақтауына тигіздік. Егер басқа сәттерді есепке алмасақ, дәл осы екі жағдай ойын тағдырына әсер етті. Басқа айтар ештеңе жоқ, – деді Виктор Кумыков.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Ақсу» (Павлодар) – 1:1

Голдар: Тони Сильва, 4 (0:1). Анес Рушевич, 11 (1:1).

Талдықорғанның «Жетісу» клубы өз алаңында Павлодардың «Ақсу» клубын қабылдаған. Есепті 4-минутта қонақтар ашқан. Гол авторы – Тони Сильва. Дегенмен, көп өтпей, Анес Рушевич таразы басын теңестірді. Командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Бұл бір жағынан ескі таныстар Вахид Масудов («Ақсу» бапкері) пен Асқар Қожабергеновтің («Жетісу» бапкері) өзара тартысы болатын.

Өкінішке қарай, біздің командада жарақат көп. «Каспиймен матчта Хассейн мен Брикнер қатардан шығып қалды. Кадио мен Әмірсейітов те әлі қатарға қосылмады. Сондықтан кадрлық мәселелер жетерлік. Әрине, біз бұл ойында екі ұпай жоғалттық. Турнирлік кестедегі жағдайды білесіздер. «Ақсудың» соңғы орында жүруі кездейсоқтық. Олар көшбасшылармен ойнады. Жақсы команда. Әлі-ақ жоғары орындарға көтеріле алады. Ал мен өз алаңымызда жеңіске жете алмағанымыз үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Енді келесі матчқа дайындаламыз, – деді «Жетісу» бапкері Асқар Қожабергенов.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Каспий» (Ақтау) – 1:0
Гол:
 Тәттібаев, 4-пенальтиден (1:0).
Алаңнан қуылды: Реджепов, 37.

Бұл екі команданың да осы маусымдағы мақсаты белгілі. Бастысы, премьер-лигада қалу. Әзірге «кеншілердің» жағдайы тәуірлеу. «Каспий» жақында екінші рет бапкерсіз қалған. Қарағанды қонаққа келген Ақтау командасы қарсыласына үш ұпай ұстатып кетті.

Матчтың басында Айдос Тәттібаев пенальтиден есеп ашып, командасын алға шығарды. Сосын 37-минутта «Каспий» он футболшыға қалды. Бірақ одан қонақтар басылып қалмады. Бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алды. Бұл жерде «Шахтер» қақпасын ұлттық құрама қақпашы Игорь Шацкий қорғайтынын айта кетейік. Ол бірнеше қауіпті сәтте шеберлік танытып, командасына жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Қорытынды есеп – 1:0.

«Қайрат» (Алматы) – «Мақтаарал» (Атакент) – 2:2

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
instagram.com/f.c.kairat

Голдар: Сейдахмет, 13 (1:0). Жаңғылышбай, 37 (1:1). Жоао Пауло, 41 (2:1). Кәрімов, 45+3 (2:2).

Жоао Паулосы бар «Қайрат» былай қарасаң жүлдеге таласуға қауқарлы секілді көрінеді. Бірақ үздіктер қатарына жақындай бастаса, күтпеген жерден ұпай жоғалтып жатады. Көбінесе, турнир кестесінің соңғы жағындағы командалармен қайталанып жүр.

Бас бапкер Кирилл Кеккер ойлану керек тәрізді. Өйткені, команданың қорғанысы өте әлсіз. Ресейлік Виктор Васин «Манчестер Юнайтедегі» Харри Магуайер секілді болмашы қателікті жібереді.

«Мақтааралмен» матчта «Қайрат» тең түсті. Тіпті, жеңіліп қала жаздады. Қайрат Нұрдәулетов келгелі атакенттіктер сенімді ойнай бастаған.

«Қайрат» шабуылда Жоао Паулоның арқасында жүр. Әйтпесе, Артур Шушеначевке өзге ойыншыларға жанкүйерлерінің көңілі толмайды.

–Жанкүйерлерге рахмет айтамын. Бүгінгі есепке көңіліміз толмайды. Басқа айтарым жоқ, – деді «Қайрат» бапкері Кекккер матчтан кейін баспасөз мәжілісінде қысқа қайырды.

«Тобыл» (Қостанай) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 2:0

«Астана» ұпай жоғалтты, «Ордабасы» көшбасында
instagram.com/fctobol

Голдар: Оразов, 45+1-пенальтиден (1:0). Мұжықов, 83 (2:0).

Финлядиядан оралған «Тобыл» өз алаңында жеңіске жетті. Команда «Оқжетпеспен» кездесуде негізгі құрамның біраз футболшысына демалыс берген. Соның өзінде үш ұпай алды. Әр таймда бір-бір голдан салды.

Ұлттық құрамада тәп-тәуір ойнайтын Рамазан Оразовтың чемпионатта көп көзге түсе бармайтыны бар. Оның үстіне, премьер-лигада голды осыдан 4 жыл бұрын салған. Ол кезде футболшы «Қайратта» жүрген еді. Бүгін пенальтиден көзге түсті. Екінші доптың авторы – капитан Серікжан Мұжықов.

Сұрмергендер:

  1. Жоао Пауло («Қайрат») – 14 гол
  2. Асхат Тағыберген («Ордабасы») – 9
  3. Рамазан Кәрімов («Мақтаарал») – 7.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға