Астана тұрғыны жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы туралы айтты
Қарқынды дамып келе жатқан елордалық кәсіпорын «Астана-Теплотранзит» АҚ заманауи технологиялармен, механизмдермен және жабдықтармен қайта жарақтандыруды, сонымен қатар барлық мамандық бойынша инженерлік-техникалық қызметкерлерді оқытып, аттестациялайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, бүгінде мұнда 700-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың бірі экскаваторшы Ислам Кажатов өз жұмысы туралы тоқталып, «Жұмысшы мамандықтары жылы» туралы ойымен бөлісті.
Жас мамандардың бірі Ислам Қажатов 2,5 жылдан бері экскаваторшы болып еңбек етіп келеді.
Біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарының, әсіресе балалар мен қарттардың қыста тоңбауын қамтамасыз етіп, әрбір үйге жылу беру. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін біз келесі маусымға дайындықты бастаймыз. Яғни, жоспарлы жөндеу жүргізіп, инвестициялық бағдарлама бойынша іс-шаралар өткіземіз. Біздің реттеушілер құбырларды ауыстыру қажет жерлерді тексереді және сол учаскелерде ақауларды жою жұмысы жүргізіледі. Апаттық жағдайдағы үзілістер мен кемшін тұстарын жоюмен де айналысамыз, - деді Ислам Қажатов.
Айтуынша, үлкен техника оны бала кезінен қызықтырып келген.
Кішкентай кезімнен әкеммен бірге әртүрлі көлікке отырдым, содан бері үлкен техникаға деген қызығушылығым арта бастады. Есейген сайын көліктерге көбірек назарым ауып, оны жүргізуді үйрендім. Жас ұлғайған сайын тәжірибе келеді, мамандыққа деген қызығушылық артады, - деп атап өтті астаналық тұрғын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталып, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Ислам Кажатов бұл бастаманың өзектілігі туралы пікірімен бөлісті.
Мен өскелең ұрпаққа техникалық білімді таңдап, арнайы техниканы басқаруды үйрену туралы кеңес бергім келеді. Бұл – қаланың өмірлік маңызды функцияларын үздіксіз қамтамасыз ету үшін маңызды жұмыс орындары. Оның үстіне, олар ылғи да өзекті болып қала береді. Уақыт өтіп, жұмыс күшінің қатары толығуды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың бізден қалыспай, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруі маңызды, - деп баса айтты.