Жаңалықтар

Астана саммитінде әлемдік мәселелер талқыланды

Қазір жаһан жұрты экономикалық ғана емес, рухани дағдарысты, экологялық проблемаларды бастан өткізуде.
Астана саммитінде әлемдік мәселелер талқыланды
Фото: Ақорда 14.10.2022 15:35 5989

Бірнеше күннен бері Еуразияның кіндігіндегі Астана шаһарына әлем жұртының назары ауып отыр. Себеп – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне Азия мен Еуропаның белді елдерінің басшылары қатасып, әлемде қалыптасқан саяси және экономикалық тығырықтан шығудың жолын талқылап жатыр.

Қазір жаһан жұрты экономикалық ғана емес, рухани дағдарысты, экологялық проблемаларды бастан өткізуде. Бәрінен бұрын, әлемнің алпауыт елдері саяси блоктарға бөлініп, сакциялық соғыстар өрши түсті. Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы соғыс отына алаңдап отырғандар көбейді. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – өзара диалог арқылы келісімге келу.  

Жаһандық диалог алаңына айналған Астананың даусы әлемге қаншалықты өтімді? Азия, Еуропа және Африка құрлығындағы 28 мемлекетті бір платформаға біріктіретін саяси ұйымның сөзі салмақты, пікірі пайымды ма?
Алдымен Астана саммиті аталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің тарихына тоқталсақ.

  Тарихи жайлы не білеміз?

1992 жылы 5 қазанда Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының мінберінен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аймақтық ұйымды шақыру идеясын алға тартты. Сөйтіп, АӨСШК бастамасына жол ашылды.

1999 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуі – АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін қағидалардың декларациясы қабылданды.

2002 жылы 4 маусымда Алматы қаласында АӨСШК бірінші саммиті өтіп, онда Алматы актісін қабылданды. Алматы актісіне бірқатар ТМД мемлекеттерімен бірге Египет, Үн­ді­стан, Иран, Израиль, Қытай, Пәкстан, Ре­сей, Түркия, Моңғолия президенттері қол қойды.

2004 жылы 22 қазанда Алматы қаласында Сыртқы істер министрлерінің екінші кездесуі өтіп, АӨСШК сенім шараларының каталогы қабылданды. Онда АӨСШК сенім шаралары, сенімді нығайту және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың басым бағыттары талқыланды.

2006 жылы 17 маусымда Алматы қаласында АӨСШК Екінші Саммиті – АӨСШК Хатшылығы туралы келісім қабылданды. Құжат АӨСШК отырыстарын және басқа да іс-шараларын әкімшілік, ұйымдастырушылық және техникалық қолдауды қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін орган – АӨСШК Хатшылығының функциялары мен құрылымын белгіледі және айқындады.

2008 жылы 25 тамызда Алматы қаласында Сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі өтіп, АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама ресми түрде қабылданды.

2010 жылы 8 маусымда Ыстамбұлда өткен АӨСШК Үшінші саммиті мүше мемлекеттердің персоналы мен өкілдеріне арналған артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясын қабылдаумен ерекшеленді.

2012 жылы 12 қыркүйекте Астана қаласында Сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуінде министрлер декларациясы қабылданды.

2014 жылы 21 мамырда Шанхай қаласында өткен АӨСШК Төртінші Саммитінде АӨСШК қызметіне қатысты қосымша шаралар мен ережелерді қамтитын АӨСШК Рәсім ережелеріне ресми түрде өзгерістер енгізілді.

2016 жылы 28 сәуірде Пекин қаласында Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуінде диалог арқылы Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылық және тұрақты дамуға жәрдемдесу туралы Декларация қабылданды.

2017 жылы 5 қазанда Астана қаласында өткен басқосу АӨСШК-нің 25 жылдығын атаумен байланысып, министрлер декларациясының қабылдануымен ерекшеленді.

2019 жылы 15 маусымда Душанбеде АӨСШК Бесінші Саммиті Тәжікстан Республикасының АӨСШК-ге төрағалығы кезінде өтті.

АӨСШК-ға 2002 жылдан 2014 жылға дейін Түркия төрағалық етті. 2014 жылдан 2018 жылға дейін Қытай, 2018 жылдан 2020 жылға дейін Тәжікстан, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан төрағалық етті. Халықаралық ұйымның әкімшілік органы Қазақстанның елордасы Астанада орналасқан.

Тұрақты мүше ретінде Әзірбайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Израиль, Үндістан, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Палестина, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Тайланд, Түркия, Өзбекстан, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Қатар кіреді.
Бақылаушы мәртебесіне Беларусь, Индонезия, Лаос, Малайзия, АҚШ, Түрікменстан, Украина, Филиппин, Жапония және бес халықаралық ұйым – Араб мемлекеттері лигасы (LAS), Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ), Көші-қон жөніндегі ұйым. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық (ЕҚЫҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) ие.

Саммиттің маңызы неде?

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Үлкен сегіздік (G8), Еуропалық Одақ (ЕО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК), Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сынды әлем елдерінің саяси бағыты мен экономикалық бағдарына ықпал ететін саяси ұйымдар бар.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) сондай саяси құрылым етіп, пәрменді диалог алаңына айналдыру өте маңызды. Өйткені кеңестің географиялық ауқымы және мүше мемлекеттердің демографиялық өсімі мен экономикалық қуаты толық жауап бере алады.

Расында, кеңеске мүше елдердің жалпы ауданы шамамен 400 миллион шаршы метрді құрайды. Азияның бүкіл аумағының шамамен 98 пайызын және Еуразия құрлығының 76 пайызын қамтиды. Бұл елдерде 4 миллиардтан астам адам тұрады, бұл әлем халқының 45 пайызын құрайды. Сондай-ақ жер шарындағы қара алтынның 40 пайызын құрайтын мұнай қоры бойынша әлемде жетекші орынға ие.

«Қазір гиосаяси жағдай тұрақсыз. Шығыс Еуропада тұтанған соғыс оты Шығыста да шығуы әбден мүмкін. Оның себебі Каспий теңізінің транзиттік маңызы артып, Азиядағы адами ресурстық күш экономиканың дамуына ерекше серпін беруде. Оның үстіне, әлемнің алпауыт компаниялары Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Индонезия, Үндістан сынды мемлекеттерге көптеп шоғырлана бастады. Бұл дегеніңіз, әлемнің экономикалық қуаты батыстан шығысқа қарай біртіндеп ауа бастағанын білдіреді. Сондықтан Сары құрлықтағы елдердің территориялық тұтастығы мен тұрақтылығын сақтауда өзара келісім мен бірлік қажет. Міне, АӨСШК-тің маңызы осында», – деді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің саясаттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Бағыш Ғабдулина.

Ғалымның сөзінше, энергия көздерін тасымалдау, шикізатты өндіру және әлемдік нарыққа шығаруда транзиттік жаңа жолдарды қайта қарап, ашу керек болса, халыкаралық валюта ағымын реттеу де аса маңызды міндет.

Азербайжаның белгілі саясаттанушысы Фархат Мамедов: «Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) сынды құрлықтық ұйымға айналуға АӨСШК толық құқылы. Дәл қазір геосаяси, геоэкономикалық жағдай өзгерді. Енді құрлықтық тұрақтылықты сақтауда ортақ ереже, ортақ тәртіпті белгілеу маңызды. Астана саммиті осындай міндеттерді шешіп, ықпалды ұйымға айналуы тиіс.

Азия мен Еуропаны жалғайтын құрлықтық жолдарға ие Ресей мен Иран санкцияның құрсауында екенін ескерсек, Әзербайжан транспорттық-логистикалық бірегей қақпа болып табылады. Саммитте осының мән-жайыда талқыланып, ортақ экономикалық дәлізді құруды шешуі маңызды», – деген пікір білдірді.

2022 жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру керектігін атады.

«Дәл қазір Азиядағы тұрақтылық, қауіпсіздік күн тәртібіндегі өткір мәселе. Әлемнің астан-кестені шығып, әр жерде соғыс оты тұтанып, геосаяси, экологиялық мәселелер тығырыққа тіреліп, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мәселелер өзектілігін жоймай тұр. Халықаралық деңгейдегі мәселелер көбеймесе, азаймай тұр. Президент айтқандай, кеңесті ұйым деңгейіне көтеріп, пәрменін арттыруға күш алып, Азияның ортақ диогтық платформасына айналдыру керек. Бұл – уақыт талабына сай шешім. Өйткені кеңестің заңдық салмағы төмен», – дейді Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы

Заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналған кеңеске 28 мемлекет мүше. Демек, аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, шешудің оңтайлы жолын айқындайтын платформа деуге негіз бар. Ол үшін Азия елдері бір-біріне сеніммен қарап, ашық диалогқа түсуі тиіс.

Кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай: «АӨСШК өз құралдарын уақытқа сай бейімдеуі тиіс деп санаймын. Бүгінгі таңда Сенім шараларының жаңартылған каталогі бар. Оны кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлері өткен жылы жасады. Қазіргі жағдайды ескере отырып, айтарлықтай заманауи элементтер, инновациялар енгізілді».

Саммитте не көтерілді?

Алтыншы рет өткізілген алқалы басқосу барысында АӨСШК-ге мүше 11 мемлекеттің президенті, үкімет басшылары өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасты, ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын, Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік пен жаһандық инфлияция, жаңа логистикалық бағыттар мен сауда-саттық алаңдарын құру, климаттық өзгеру мен экологиялық мәселелерді және халықаралық дипломатияны тұрақтылыққа қол жеткізу жолдарын талқылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасыр – Азия ғасыры екенін атап, Азия сатып алу, тұтыну нарығында көш бастады, адами және табиғи ресурстар жөнінде күшке айналғанын, әлемдегі 30 ірі қаланың 21-і Азияда орналасқан сөз етіп, қордаланған мәселелер мен алдағы талап-міндеттерді шешуде кеңесті жаңа деңгейге көтеріп, ұйым ретінде құруды кезекті рет ортаға салды.

«Саяси диалогтың аймақтық платформасы ретінде АӨСШК-тің кемелдігі мен тиімділігі оны одан әрі трансформациялаудың бастауы болмақ. Мүше мемлекеттер қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және солай екеніне келіседі. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жаһандық логистикалық көлік-транзит дәліздерін құру арқылы экономикалық тұрақтылықты сақтаудың жолы дәйектеліп, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, оны өткізудің жаңа нарығын ашуда «ұлттық стандарттар» әзірлеп, «жасыл дәліздер» ашуды жүйелеу керектігі айтылды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті: «Украинадағы зардаптың аймақтық және жаһандық ауқымдағы қаупін көріп отырмыз. Әділ әлемге әрқашан дипломатия жолымен жетуге болатын ұмытпау керек. Соғыста жеңімпаз жоқ, әділетті әлемде жеңіліс жоқ».

Владимир Путин, Ресей Президенті: «Әлем шын мәнінде көп полярлы болып келеді. Осы ретте Азияның рөлі өте маңызды. Бүгінде сауда-саттыққа кедергі келтіретін экономикалық тежеуіштерді алып тастау керек. Ол үшін ұлттық валюталарды белсенді қолданып, қаржылық дербестікті нығайтып, аймақтық интеграцияны тереңдетуге ықпал етуіміз тиіс».

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті: «Әзербайжан әлемде ең көп мина қойылған ел. Армения 1 миллион жарылғыш қойып кетті. Соңғы 2 жылда 250 адам осы миналардан жараланды немесе қайтыс болды. Бұл мәселені шешуде 25 миллион АҚШ доллары және 30 жыл уақыт керек».

Александр Лукашенко, Беларусь Президент: «Бізге жеңімпаз болмайтын Үшінші дүниежүзілік соғыстың керегі жоқ».

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Президенті: «Ауған проблемасын назардан тыс қалдырмай, жаһандық деңгейдегі шаралар қабылдап, келіс-сөз тобын құруды ұсынамын. Ол үшін БҰҰ Бас ассамблеясына Азия кеңесінің бірлескен үндеуін жолдау керек. Ауғанстанды халықаралық террористік хабқа аналуына жол бермеу керек».

Саммиттен не түйдік?

Астана саммиті әлемдік жүйені қайта құруға әсер ететін құрылым ретінде тарихқа енуі мүмкін.

Біріншіден, жаңа әлемдік геосаяси архетектурасын қалыптастырып, қауіпсіз Еуразия концепциясын ұсынды.

Екіншіден, кеңес ұйым ретінде қызметін жалғастырады. Әрі Қазақстан 2022-2024 жылдары төрағалықты жалғастырып, ұйымның фунционалдық құрылымын күшейтеді.

Үшіншіден, ортақ мәселелерді шешуде ортақ қор құрылады.

Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «жасыл дәліздер» құрудың алғышарттары жасалды.

Бесіншіден, жеке мүддені емес, Азияның мүдде-мұраттын айқындап, әлемдік экономикадағы күш-қуатын арттыруда өзара келісім мен ынтымақ маңызды рөлге айналдыру керек.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға