Жаңалықтар

Астана қаласына көшіп келуге ТОП 7 себеп

Астана қаласына көшіп келуге ТОП 7 себеп
Фото: El.kz 20.06.2023 15:30 1967

Егер сіз көшуді ойласаңыз, онда Астана қаласы сіздің ең жақсы таңдауыңыз болуы мүмкін. Бұл Қазақстанның астанасы және Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Мұнда сіз оқу, жұмыс, демалыс және мәдени іс-шаралар үшін көптеген мүмкіндіктер таба аласыз. Бұл мақалада біз Астанаға көшудің 7 себебі туралы айтамыз.

1. Қауіпсіз қала

Кез келген тұрғын үшін ең басты нәрсе – қауіпсіздік. Ал Астана Орталық Азиядағы ең қауіпсіз қалалардың бірі болып саналады. Global Peace Index зерттеуіне сәйкес, Қазақстан қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі ең озық 50 елдің қатарына кіреді. Қала қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ оқыс оқиғаларға жедел ден қоюға арналған және қылмыстың алдын алуға мүмкіндік беретін қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйесі бар. Бұл жүйеге көшелер мен қоғамдық орындардағы бейнекамералар кіреді. Ең бастысы халықтың білім деңгейінің жоғары болуы. Халықтың білім деңгейінің жоғарылығы адамдардың қоғамдық орындарда еркін және қауіпсіз жүруіне кепілдік береді. Сол арқылы түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік алады.

 

2. Экономикалық әлеуеті жоғары

Астана 2017 жылы миллионер қалас мәртебесін алған Қазақстанның бас қаласы. Қала экономикасы серпінді және белсенді дамып келеді. Құрылыс Астана экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады, өйткені қаланы салу және дамыту белсенді түрде жалғасуда. Соңғы жылдары мұнда көптеген жаңа ғимараттар мен құрылыстар салынды. Сонымен қатар инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпті дамыту жағынан өте жоғары көрсеткіштер көрсетін келеді. Aстана Халықаралық Қаржы Орталығы да әлемдегі дамыған елдердің назарында тұрған мега жобалардың бірі. Ал қала маңындағы арнайы экономикалық-индустриялық аймақ, талай кәсіпкердің кәсібін бастап, оны өркендетуге мүмкіндік беріп отыр.

3. Білім-ғылым орталығы

Астана қаласы Қазақстанның басты білім орталығы болып табылады. Мұнда Назарбаев Университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан заң академиясы және т.б. сияқты республиканың жетекші жоғары оқу орындары орналасқан. Елорданың білім және ғылым саласындағы басты жетістіктерінің бірі – Орталық Азиядағы университеттер рейтингінде жетекші орын алатын Назарбаев университетінің құрылуы. Университет заманауи білім беру технологияларына негізделген білім беруді ұсынады және ғылыми-зерттеу қызметін белсенді түрде дамытады. Сондай-ақ қалада ғылым мен технологияны танымал ету мақсатында бірқатар ауқымды шаралар өтеді. Мәселен, Astana Expo-2017 көрмесі «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналып, экология және энергетика саласындағы тәжірибе мен жетістіктермен бөлісу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен мамандардың басын қосты. Сонымен қатар, Астанада Физиология және іргелі медицина институты, Ядролық физика институты және басқа да көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары бар. Олар іргелі зерттеулермен де, ғылыми әзірлемелерді практикалық мақсатта қолданумен де айналысады. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп, халықаралық ЖОО-на тегін оқуға түсуге мүмкіндік беретін инновациялық, IT, физика-математикалық мектеп-лицейлер бар. 

4. Мәдени орындар мен іс-шаралар

Астанада Қазақстанның бай тарихын көрсететін мұражай, театр, шіркеу мен мешіт сияқты көптеген мәдени көрікті жерлер бар. Атап айтқанда, Ұлттық мұражай, Опера және балет театры, Астана қаласының бас мешіті, Ботаникалық саябақ, Бәйтерек және тағы басқалар. Аталған орындарда халықаралық дәрежедегі форумдар, фестивальдар, концерттер өткізіліп тұрады. Бұлардан бөлек Хан Шатыр, Абу-Даби, Думан, Астана орталық саябағы, Мега Силкуей ойын сауық орталықтары секілді көңілді уақыт өткізетін көрікті жерлер бар.

 

5.Таза әрі қолайлы ауа-райы

Астанаға көктем кеш келгенімен, өте қолайлы. Жылдың төрт мезгілінде де демалып, қыдыруға болады. Әсіресе, қыс айларында айнала әппақ қарға оранып, нағыз қысты сезіндіреді. Жазық даласының азынаған жел екпінін реттеу мақсатында қала маңында ағаштар егіліп, биік ғимараттар көптеп бой көтерілуде. Ауаның ластануын азайту мақсатында бірқатар шаралар енгізілді. Қаланың негізгі ластаушы көздері болып табылатын қалдық ауаны тазартуға арналған қондырғылар сатып алынды. Сондай-ақ қайта өңдеудің бірнеше бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі уақытта Астана тұрақты даму индексі бойынша Қазақстанның ірі қалаларының арасында бірінші орында тұр. Сонымен қатар, Астанада қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар қосымша шаралар бар, мысалы, тұрғындарға тегін велосипедтерді шығару, сондай-ақ жазғы маусымда көптеген мәдени-көпшілік және ашық ауада іс-шаралар ұйымдастыру. Бұл шаралар Астананың тұрғындары таза ауа мен жайлы өмір сүретін жайлы қалаға айналуына мүмкіндік берді. Мұндай инновациялар Астананы өз тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартқысы келетін әлемнің басқа қалаларына үлгі етеді.

6.Жаңа жұмыс орындары

Қазақстанның бас қаласы күн сайын дамып, өрісін кеңейтуде. Ал дамудың басты бағыттарының бірі – экономиканың өсуіне және қала тұрғындарының өмірін жақсартуға ықпал ететін жаңа жұмыс орындарын құру. Соңғы жылдары Астанада түрлі салаларда көптеген жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ең маңызды салалардың бірі – ақпараттық-технологиялық индустрия. Қалада Google, Microsoft, Cisco, Астана хаб, АХҚО және басқа да ірі технологиялық компаниялардың жаңа кеңселері ашылды. Бұл компаниялар жергілікті университеттермен серіктесіп, жергілікті білім беру мекемелеріне ғылыми-зерттеу қондырғылары мен жабдықтарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жаңа жұмыс орындары пайда болған басқа салалар – жеңіл өнеркәсіп, бөлшек сауда және қызмет көрсету. Жаңа сауда орталықтары, спорт нысандары, дәмханалар мен туристік фирмалар Астана қаласының тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуда. Сонымен қатар, қала инфрақұрылымын салу мен жобалауда жаңа жұмыс орындары пайда болып жатыр. Ал жаңа жұмыс орындары тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер туғызып, жаңа инвесторлардың назарын аударып, қолжетімді әрі жан-жақты бола түсуде. Бұл экономикалық өсу Астана қаласының Қазақстандағы жұмыс істеуге, тұруға ең жақсы қалалардың біріне айналып үлгерді. Сонымен қатар, бас қала мемлекеттік қызметкерлердің де қаласы екенін ұмытпаған жөн. Жыл сайын олардың да саны артып келуде.

7. Ыңғайлы инфроқұрылым

Астанада өте ыңғайлы және тұрақты таксилерді қамтитын көлік желісі дамыған. Бұл желі тұрғындар мен қонақтарының бір нүктеден екінші нүктеге жылдам өтуіне мүмкіндік береді. Ол жол сапасының жақсарғаны мен кептелістің аз екендігін білдіреді. Қаладағы ғимараттар мен тұрғын үйлер тығыз әрі ретімен орналасқандығы жаяу жүргіншілерге, велосипед, самокат, скутерлердің де еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Қалада сонымен қатар халықаралық және ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежай мен екі теміржол вокзалы бар. Және ЛРТ жол үсті метросының құрылысы басталып, қаланың қатынас сапасын арттыруға арналған үлкен жоба бастау алған.

Жалпы, Астана жақсы серіктестікте жұмыс істеуге, оқуға және демалуға көптеген мүмкіндіктер ұсына алатын орын. Егер сіз көп мәдениетті қалаға еніп, заманауи сәулет өнерінен ләззат алып, экологиялық таза аймақта өмір сүргіңіз келсе, онда Астана сіз үшін тамаша мекен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға