Астана қаласы ең төмен күнкөріс деңгейін көрсетіп отыр
Балалы отбасылар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау және халықты зейнетақымен қамсыздандыру бойынша семинар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік жағынан қандай қолдау көрсетілетінін айтты.
Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5%-ға ұлғайтылатын болады, – деді.
Вице-министр 2023 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 миллиард теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға – 113,8 миллиард теңге көзделгенін атап өтті. Яғни, 1 шілдеден бастап төлемдер мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 миллиард теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 16 орталық жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Әбдірахманова мемлекет тарапынан төленіп жатқан жәрдемақыларға тоқталды. Соның ішінде бала тууына байланысты жәрдемақыны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы алады. Жүктілікке және босануға қатысты жәрдемнің орташа табысы 1 мамырдағы жағдай бойынша 1 миллион 100 мың теңгені құраған. Аталған жәрдемақыны 2023 жылы 258 мың азаматқа беру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 245 миллиард теңгені құрайды.
Әр азамат бала туған кезде оған біреттік жәрдемақы беріледі. Жоспар бойынша 417 мың азматқа жәрдемақы төлемін қарастырып отырмыз. Декреттік жәрдемақыны тек қана жұмыс істейтін аналар ғана алады. Ал жұмыссыз отырған аналар бұл ақшаны ала алмайды. Бала күтімімен отырған азаматтарға бұған дейін 1 жасқа дейін төленіп отырса, бүгінде оны 1,5 жасқа дейін созып отырмыз. Бұл жүйе 2023 жылдың 1 қаңтарыннан бастап енгізілді, – дейді департамент директоры Айнұр Әбдірахманова.
Сондай-ақ, АӘК жөнінде айтты. Бүгінде 1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК-ті 500 мыңға жуық адам алған.
АӘК тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді. Енді екінші тоқсанның кедейлік шегін алатын болсақ, ең төмен күнкөріс деңгейі республика бойынша 45 мың 948 теңгені құрап отыр. Оның ішінде кедейлік шегі 32 мың 164 теңге. Ең төмен күнкөріс деңгейі Астана қаласында 50 мың 689 теңге, сондай-ақ, Маңғыстау облысында 58 мың 427 теңгені құрады, – деді ол.
Демек, әр өңірдің кедейлік шегі азық-түлік себетінің бағасына қарай есептеледі. Ең төмен күнкөріс деңгейіне 43 азық-түлік себеті кіреді. Яғни, азық-түлік себеті инфляция деңгейіне қарай өсіп отырса, ең төмен күнкөріс деңгейі де артады деген сөз.