Жаңалықтар

Астана полицейлері 2022 жылдың жұмыс қорытындысын шығарды

12 айының қорытындысы бойынша қылмыс саны 9%-ға өскен
Астана полицейлері 2022 жылдың жұмыс қорытындысын шығарды
Фото: polisia.kz 15.01.2023 10:30 1457

Елордалық полицейлер жедел кеңесте өткен жылғы жұмыс қорытындысын шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылды қорытындылау Астана қаласы Полиция департаментінің жедел-қызметтік іс-шаралардың қорытындысына арналған кеңес аясында ведомство басшылығының, сондай-ақ, қала прокурорының орынбасары Ержан Бердібековтың қатысуымен өткен.

Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын елордалық департамент бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев атап өтті. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер белгіленіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шаралары бойынша нұсқаулар берілді. Бірқатар басшылардың өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы есептері тыңдалды, сондай-ақ, жедел қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар жоспарланып, құқық бұзушылықтың алдын-алу, оның ішінде ұрлықпен, есірткі қылмысымен күресу, интернет алаяқтық, жол қауіпсіздігі бойынша нақты тапсырмалар қойылды.  

Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша қылмыс санының 9%-ға өскені байқалады. Сонымен қатар, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, тонау, бұзақылық және пәтер ұрлықтары азайған. Көшедегі қауіпсіздік деңгейі 5,5%-ға артып, қылмыстың қайталануы 42,1%-ға төмендеген. Соңғы бес жылда қылмыс саны екі есеге азайды. Егер 2017 жылы 32 397 қылмыс тіркелсе, 2022 жылы – 16 572.

Жол қауіпсіздігіне келетін болсақ, жолдардағы жағдай назар аударуды қажет ететіні айтылды. Жол-көлік оқиғаларының саны 22,6%-ға өссе, жолдағы өлім-жітім 20%-ға азайған. Жазатайым оқиғаларды талдауды ескере отырып, соқтығыстар жиі болатын жерлерде жаяу жүргіншілермен жұмыс істеу үшін полиция жасақтары жұмылдырылды. Көлікті мас күйінде басқару фактілерінің жолы кесіледі.

Қорытындылай келе, елордалық полиция басшысы жетілдіруді қажет ететін бірінші кезектегі міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің қызметтік этика нормаларын сақтауы мен азаматтарға сыпайы қарым-қатынас жасау мәселелеріне назар аударылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға