«Астана Опера» театры Польшада өткен халықаралық байқаудан бірінші орынмен оралды
«Астана Опера» театры 26 мамырда Белосток қаласында өткен «Хайнувка» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған байқауға АҚШ, Румыния, Грекия, Болгария, Польша, Эстония, Латвия секілді түрлі елдерден келген ұжымдар бақ сынады. «Астана Опера» театры фестивальде М.Мусоргский, К.Пендерецкий, А.Николаев-Струмский, А.Молодовтың туындылары шырқады. Вокалдық шеберліктерін танытқан қазақстандық өнер иелері халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.
Белосток қаласында өткен турнирдің жеңімпазы атанғанымызға қуаныштымыз. Осы орайда біздің ұжымның кәсібилігін тілге тиек еткім келеді. Өте жақсы өнер көрсетті. Қуанышымызға шек жоқ. Елге оралғаннан кейін, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатырмыз. Одан асқан бақыт жоқ шығар, - деді «Астана Опера» театрының аға хормейстері Дәурен Мусин.
Одан бөлек, әртістер байқауда жүлделі бірінші орынды иеленгеннен кейін, гастроль аясында 27 мамыр Варшавада қазақстандық композиторлардың музыкасына жеке концерт берді. Олар, еуропалықтарды ұлттық музыка мұрасындағы хорға арнап жазылған Ғ.Жұбанованың «Жалғыз емен», Е.Рахмадиевтің «Хорал», М.Маңғытаевтың «Қаратау әуендері» сюитасынан «Қырмандағы айтыс», Б.Байқадамовтың «Көкек», С.Әбдінұровтың «Күй», Ә.Әбдінұровтың «Қуырмаш» секілді ең таңдаулы шығармалармен таныстырды.
Варшавада бізді жылы лебізбен қабылдады. Польшалықтарға қазақ музыкасы қатты ұнағанына сенімдімін. Оған халықтың көрсеткен қошеметі дәлел. Айта кету керек, бұл концерт польшалықтардың ұсынысы арқылы өтті. Біздің музыкамызға шетелдіктердің қызығушылық танытатыны қуантады. Біздің мақсатымыз да осы. Өнер, музыка арқылы қазақ елінің атын шығарып, дәстүрін насихаттау, – деді Д.Мусин
Айта кетейік, «Астана Опера» ұжымы «Хайнувка» халықаралық байқауына 3 мәрте қатысып отыр. Осыдан бұрын қазақстандық әртістер 2006 және 2011 жылдары Польша төрінде өнер көрсеткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram