Астана мен Талдықорған арасындағы әуе қатынасы артады

Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Жетісу өңірінің тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Астана мен Талдықорған арасында аптасына 4 рейс орындалады, биылғы жылдың мамыр айынан бастап рейстер санын аптасына 5 рейске дейін арттыру жоспарлануда. Рейстерді Qazaq air әуе компаниясы De Havilland Dash-8-Q400 ұшақтарымен орындайды.
Бұдан бөлек өңір тұрғындары Талдықорған қаласының айналма жолын жөндеу мәселесін көтерді. Вице-министр қазіргі уақытта министрлік жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқанын айтты.
Сонымен қатар, Ақсу және Жаңалық ауылдары арасындағы жолды жөндеу мәселесі талқыланды. Аталған учаске бойынша құжаттар дайындалып, орташа жөндеуге оң сараптама қорытындысы алынды. Қазір мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Кездесуде тұрғындар негізінен жергілікті жол желісі, көліктік бақылау және әуе қатынасына қатысты мәселелерді көтерді. Оларға жауап бере отырып, Сәтжан Аблалиев биыл жергілікті маңызы бар 337 шақырым жол жөнделетінін хабарлады (облыстық – 152 шақырым; аудандық – 185 шақырым).
Автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын тозуын болдырмау, ауыр салмақты және ірі көлемді көлік құралдарының өтуіне сапалы бақылауды қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған өлшеу жүйелері орнатылады. Қазіргі уақытта облыста 5 құрылғы (республикалық жолдарда 3, жергілікті жолдарда 2) орнатылды, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ әкімдікпен бірлесіп тағы 8 құрылғы орнатуды пысықтауда.
