Астана мен Алматыда «Ауған отын кешкендер» атты көрме өтуде
Республикалық маңызы бар қалалар Астана мен Алматыда «Ауған отын кешкендер» атты көрме өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елордалық Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде және Алматы қаласындағы Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінде Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған көрмелердің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Астана қаласының әскери музейіне қойылған жәдігерлермен Ауған жауынгерлері Қайрат Елубаев, Ғалым Қожабеков, отставкадағы генерал-майор Тұрсын Уажанов, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери қызметшілері және «Батырлар» клубының тәрбиеленушілері танысты.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, көрмеге қойылған 300 экспонаттың ішінде арнайы мақсаттағы 177 жасақ командирі, атақты Қара майор – полковник Борис Керімбаевтың жеке заттары мен киімдері бар. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Асенов Қорғаныс министрінің атынан ауған ардагерлеріне «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» төсбелгісін табыс етті.
Ал Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде ашылған көрмеге келушілердің назарына жүзден астам экспонат – марапаттар, хаттар, құжаттар, сарбаздар мен офицерлердің жеке заттары қойылды. Кеңес дәуіріндегі киім-кешек пен қару-жарақ, сондай-ақ ауған дұшманының киімдері көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды.
Көрмеге ауған ардагерлері, әскери қызметшілер, шекарашылар, әскери-техникалық мектеп пен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келді.
Оқи отырыңыз:
- Алғаш 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталы іске қосылады – министр
- Шымкентте Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына арналған көрме ашылды