Жаңалықтар

Астана маңындағы 30 мың абонент сенімді электр қуатымен қамтамасыз етіледі

Астана маңындағы 30 мың абонент сенімді электр қуатымен қамтамасыз етіледі
Фото: Ақмола облысының әкімдігі 10.01.2025 22:17 148

Астана іргесіндегі Қоянды ауылында «Қоянды-Южный» қосалқы станциясында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов электрмен жабдықтау нысанына барып, жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.  

Сапар аясында «АРЭК» АҚ Бас директоры Александр Павлов пен Целиноград ауданының басшылығы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Олар жобаны жүзеге асыру Қоянды, Аққайың, Шұбар, Софиевка, Ақжар және Опан ауылдарындағы 30 мыңнан астам абонентті тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңғырту жобасы аясында 26 вакуумдық ұяшық пен жаңа қуатты трансформатор орнатылып, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл нысанның сенімділігін айтарлықтай арттырып, электр қуатын жеткізуде үзілістер болу қаупін азайтты.

Облыс басшысы өңірдің тұрақты дамуы үшін энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

Қазіргі заманғы энергетикалық жүйелер – бұл азаматтарымыздың жайлы өмір сүруі мен экономиканың дамуының негізі. «Қоянды-Южный» қосалқы станциясын жаңғыртудың аяқталуы – аудандардың тұрғындарын үздіксіз электрмен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам, - деді Марат Ахметжанов.

Мұндай инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өңір үшін басымдық болып қала береді, өйткені олар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, аумақтардың одан әрі дамуына жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Халық саны мен әлеуметтік нысандардың белсенді өсуіне байланысты қуаттылықты арттыру мен жабдықтарды жаңғырту қажеттілігі туындады. Бұл қосалқы станциядан Целиноград және Аршалы аудандарының тұрғындары электр қуатын алады. Енді шектеу жағдайында электр энергиясы өшірілетін абоненттер саны барынша азаяды, - деп атап өтті «АРЭК» АҚ Бас директоры.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға