Жаңалықтар

Астана күні: Елордалықтар мерекемен құттықтап, пікір білдірді

Астана күні: Елордалықтар мерекемен құттықтап, пікір білдірді
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 07.07.2024 10:04 532

Бүгінде Астана күні еліміздің барлық өңірінде тойлнатын ұлттық мейрамға айналды. Бұл мерекені әр өңір, әр аймақ, әр елді мекен ерекше атап өтеді. Сонымен қатар 6 шілде күні қазақстандықтарға бір күндік демалыс беріледі. Қала күні қарсаңында астаналықтар пікір білдіріп, ойын бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің астанасын Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы ұсынысты еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынды.  Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Ақмолаға орталық мемлекеттік органдардың ресми көшуі 1997 жылғы 10 желтоқсанда басталды. 1998 жылғы 6 мамырдағы тұңғыш президенттің жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгерді.

Жаңа астананың халықаралық салтанатты тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусым күні өтті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, астананы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мындай ғана болған екен. Қазіргі таңда статистикалық деректер бойынша,  2024 жылдың 1 мамырында халқының саны 1458,1 мың адамды құраған.

Мереке қарсаңында Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Сәрекенова пікір білдірді.

Астанаға 2001 жылы Еуразия ұлттық университетіне жетекшім Мырзатай Серғалиұлының шақыртуымен келген едім. Мен келген жылы Еуразия университетіне ұлттық статусы берген еді. Сол жылдан бастап Еуразия ұлттық университетінде жұмыс жасап келемін. Осы универсиетте тіл білімі лингвистика саласының дамуына үлес қосып келемін. Еуразия ұлттық университетінде жұмыс жасағаныма мақтан тұтамын себебі академик Мырзатай Серғалиұлымен, Сейіт Асқарұлы Қасқабасовпен, академик Рымғали Нұрғалимен тағы басқа көптеген ұлы тұлғалармен жұмыс жасағанымды мәртебе көремін. Мен келгенде Астанада сол жағалауы жоқ еді. Тек Бәйтерек ғана болған. Әсем қала Алматыдан кейін Астанаға үйрену әрине оңай болған жоқ. Себебі ең бастысы ауа райы қолайсыз болды. Мега полюс болған Алматы мен Астананың арасы жермен көктей еді. Қазіргідей дамымаған еді. Сервисі, қызмет көрсету жағы дамымаған, - деді ол. Сонымен қатар қаншама мемлекетті аралап жүрсе де Астана қаласын ешқандай қалаға айырбастамайтынын, орын ерекше ыстық екенін айтты. Астанмен өсіп, өніп осы қалада үйлі болғанын жеткізді. Сүйікті қалам Астанам, туған күніңмен, - деді Қарлығаш Сәрекенова.

Сонымен қатар Астана қаласындағы медицина саласының дәрігері Нұршат Раисова өз тілегін білдірді. Ол Оралдан Астанаға көшіп келген жас маман Астана қаласындағы «Отбасылық дәрігерлер» ауруханасында жалпы дәрігер қызметін атқарып келеді.

Астана қаласына Орал қаласынан көшіп келдік. Астана бізді жылы қарсы алды. Тез үйреніп кеттік. Астана жастардың қаласы, арман қуып келген астанамыздан баспаналы болдық. Біз үшін бұл арман еді. Астана армандар қаласы екені анық, - деді дәрігер Нұршат Маратқызы.

Сондай-ақ жұмыс бабымен 2012 жылы Астанаға қоныс аударған БАҚ саласының қызметкері әріптесіміз Айнұр Төреханқызы пікір білдірді.

Барлық бұқаралық ақпарат құралдарының орталығы болып Қазмедиа орталығы ашылды. Қаншама әріптестерімізбен бірге келдік, бірақ Сарыарқаның саршұнақ аязына көнгеніміз қалдық. Биыл Астана қаласына келгенімізге он екі жыл болды, осы уақыт ішінде елорданың бір мүшесіне айналдық. Осында жұбайыммен танысып, отбасын құрып, балалы -шағалы болдық. Қаламен бірге өркендеп келеміз. Еліміз көркейе берсін! Туған күніңмен, Астана!, - дейді ол.

Әріптесіміз осы қаланы тұрақты мекен еткенін мақтан тұтатынын айтты.

ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 1998 жылы Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағын беріп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде еліміздің өркендеп, дамығанның жемісі.

Астананың туған күні қарсаңында көптеген іс-шаралар айдың соңына дейін өткізіледі. Мереке күндері Астанға басқа өңірден қонақтар ағылады. Атаулы мереке күндері түрлі концерттер, спорттық ойындар, сайыстар, фестивальдер тағы басқа көптеген шаралар өтеді. Елорда тұрғындары қатарында жас жұбайлар отау құрады. Мереке соңы дәстүрлі отшашумен аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға