Жаңалықтар

Астана күніне орай мерекелік акция өтті

Астана күніне орай мерекелік акция өтті
09.07.2018 02:17 2738

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай ағымдағы жылдың 6 шілдесінде өңірдегі Т. Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктердің «Асқақ Астана» атты акциясы өтті.

Акцияның басты мақсаты, күні кеше ғана бой көтеріп бүгінде бәйтеректей көкке өрлеген Астана қаласын мерейлі мерекесімен құттықтау және өңірлік этномәдени бірлестіктердің бірлігін, достығын, татулығын, тұрақтылығын арттыру.

Мерекелік шараға ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.

Акция барысында өңірлік этномәдени бірлестік мүшелері белсенділік танытып, жиылған жұртшылыққа концерттік бағдарлама ұсынды. Концертте  «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы», Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер ассоциациясы, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестіктері және «Үкілім» би ансамблі өз өнерлерін тарту етті.

Шара барысында Астана қаласының 20 жылдығына орай Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының шығармашылық және қоғамдық жұмыстарына белсене ат салысқан бірқатар этномәдени бірлестік өкілдерінің жастары Алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік іс-шара Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арнайы әзірленген тортты үлестірумен аяқталды. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға