Жаңалықтар

Астана әкімі Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті

Астана әкімі Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті
Фото: Астана әкімдігі 09.11.2024 08:39 351

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Байқоңыр ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Кездесу 5 сағатқа созылды. «Ашық микрофон» форматында ниет білдіргендердің барлығы сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Тұрғындар әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер), жолдар, инженерлік желілер, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, ауданды абаттандыру мәселелерін қозғады.

Осыған дейінгі кездесулерде тұрғындар Өндіріс елді мекенінде электрмен жабдықтау мәселесін бірнеше рет көтерген. Сонымен, биыл ЭЧ-8 электрмен жабдықтау желісін «Астана - АЭК» балансына беру жұмысын аяқтадық. Бұл желілерді жедел модернизациялауға және апаттарды жоюға мүмкіндік береді.

Сол сияқты ауданда тозығы жеткен апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін ауданда 9 апатты үйді бұзу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін ауданда заманауи 7 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ұзындығы 10 шақырымға жуық пандустары бар жаяу жүргіншілер тротуарлары жабдықталды, 12 көше асфальтталды.

Кездесу барысында көтерілген проблемаларды шешу жұмысы қолға алынды. Біз оларды қысқа, орташа және ұзақ мерзімді деп бөлеміз», – деп жазды елорда әкімі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға