Жаңалықтар

Астана әкімдігі Ботаникалық бақтағы «көзбояушылықтың» себебін түсіндірді

Астана әкімдігі  Ботаникалық бақтағы «көзбояушылықтың» себебін түсіндірді
Фото: El.kz 14.04.2023 11:49 1255

Әлеуметтік желіде Астанадағы Ботаникалық бақта түсірілген видео тарады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Онда Әзербайжан президенті келген кезде егілген ағаштардың қазылып жатқаны түсірілген. «Масқара! Көзбояушылық!» - деді видеоны түсіріп тұрған тұрғын.

Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы шыршаның орнынан алыну себебін айтты.

Әкімдік өкілі шырша көшеттерінің қайта қазылғанын растап отыр. Дегенмен олардың орнына басқа ағаш егілген. Мұндай қадамға агрономдардың кеңесіне құлақ түргендіктен барғандығын алға тартады.  

«Агрономдардың кеңесімен бұл шыршалар қылқан жапырақты ағаштардың өсуіне әлдеқайда қолайлы орынға – Ботаникалық бақтағы Әзербайжан президенті өз қолымен еккен ағаштан 100 метр жерге ауыстырылды. Ал олардың орнына жөке мен арша егілді. Өйткені жөке магистральдік жолдың бойында жақсы өседі және эстетикалық көрініске сән қосады», - деп түсіндірді әкімдік өкілі.

Еске салсақ, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Астанаға 10 сәуірде келген болатын. Сапар барысында Қазақстан және Әзербайжан президенттері Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты ашылуына қатысты. Кейін президенттер Ботаникалық бақта ағаштар отырғызған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға