Жаңалықтар

Ассамблея институтына көршілес қырғыздар қызығушылық танытып отыр

Ассамблея институтына көршілес қырғыздар қызығушылық танытып отыр
24.10.2018 12:42 2512

Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына жиырма үш жылдан асып отыр.

Тәуелсіздігімізбен бірге жасасып келе жатқан қоғамдық институт халықаралық сарапшылардың, саясаттанушылардың жоғары бағасына ие болуда. Айта кетер жайт, көрші Қырғызстанда да мұндай институт бар. Алайда, олардағы Ассамблея жұмысы туралы ешкім біле бермейді. Соның дәлелі — жақында ғана айырқалпақты ағайындарда өткен «Этносаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық және қырғызстандық модельдері» атты халықаралық жиында көршіміз біздің осы саладағы әрекеттерімізді жоғары бағалап, жиырма жылдан астам уақыттан бері жинаған бай тәжірибемізбен бөлісуді сұрады. Осы жиында еліміздегі Ассамблея жұмысына көптеген мамандар жоғары баға беріп, басқа елдерге татулықтың темірқазығына айналған институттың қызметін үлгі етті.

Осы орайда Ассамблея қызметіне бір шолу жасап өтсек. Аталмыш ұйым бүгінде еліміздегі татулық пен бірліктің сақталуына ғана емес, қоғамдағы барлық өзгерістер мен жағдайларға әсер ете алатын, мемлекетіміздің дамуына үздіксіз қызмет етіп келе жатқан қоғамдық институтқа айналып келеді. Осының арқасында елімізде жүзден астам ұлт тек бейбітшілік пен шынайы достықты сезініп, тыныштықта, біртұтас елге айналып өмір сүруде. Еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстанның ешбір өзге ұлт өкілін алаламай, барлығына бір атаның баласындай көрсеткен қамқорлығын сезініп келеді. Жақында өзім куә болған бір жағдай жүрегіме қатты әсер етті.

Жексенбі күні жұмыстарыммен үйден шығып, аялдамаға барып өзіме керекті қоғамдық көлікті күтіп тұрып, қолымда сәби болған соң, аялдаманың орындығына отыра тұруды жөн көрдім. Алайда, қасымда иесіз тұрған пакетті көріп, иесін іздестіре бастадым. Аялдама жанында тік тұрып тұрған, арырақта отырған жұртшылықтың барлығы оның өзінікі емес екенін айтты. Иесіз пакет көңіліме үрей ұялатып, шеткерірек барып тұрдым. Сол кезде жасы үлкен кәріс ұлтының өкілі келіп, «қызым, неден шошындың?» деді таза қазақ тілінде.

«Иесіз пакет тектен-текке не істеп жатуы мүмкін? Ішінде жарылғыш зат па, бірдеңе бар секілді көрініп кетті. Өзімнен өзім үрейлендім. Қолымда бала болған соң, алысырақ тұрғым келді» деп күлдім. Онымен қоймай, күдік тудырған жүк туралы айтып, «бір жерге хабарласу керек шығар» дедім, сақтық шараларын ойластырып. Менің бұл сөзімнен соң аялдама ішінде тұрған екі-үш студент қыз да иесіз жүкке үреймен қарап, қасыма келіп алды. «Жоға, олай болмайды, біздің елімізде ширек ғасыр ішінде елдің тыныштығын бұзған мұндай бір оқиға болды ма? Жоооқ. Бұл — Қазақстан! Бізде, ең алдымен, халықтың тыныш ұйқысы, тыныштығы қымбат. Халықтың жөнсіз қорқуына жол жоқ» деді, қолын жоғары көтерген қалпы кәріс ағам. Сол кезде телефонмен сөйлесіп, аялдамадан ұзап кеткен жігіт ағасы қайта айналып келіп: «Менің пакетім ғой» деп, бәріміз шошынып қарап тұрған пакетті қолына алды. Аялдама жанындағы көліктің шуынан қашып, ұялы телефонымен сөйлесу үшін ұзап кеткен екен. Бәріміз күліп жібердік.

Сол сәтте күткен қоғамдық көлігіміз келіп, соған мінуге ұмтылдық. Бір сәт жұртты үрейге шақырғаныма ұялып қалсам, екінші жағынан, еліміздегі өзге ұлт өкілінің тыныштықты, бірлікті жоғары бағалауына қатты сүйсіндім. Таза қазақ тілінде, «Бұл — Қазақстан» деп, бір қолын жоғары көтеріп, еліміз туралы көзқарасын сүйсіне, тамсана айтқан кәріс ағаның бейнесі көз алдымнан біраз уақытқа дейін кетпей қойды. Осындай береке-бірлігі жарасқан елдің ұрпағы болғаныма кеудемді мақтаныш та кернеді. Еліміздегі барша ұлт өкілі сезініп, жоғары бағалап отырған тыныштық, бірлік, еліміздің осы уақыт ішінде жүргізіп отырған дұрыс саясатының, ұстанымының арқасы екені даусыз. Тұрақтылық пен тыныштықтың темірқазығына айналып отырған Ассамблея институты  қызметінің де бұл жерде өз үлесі бар екені анық.

 Еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісті жұмысы жылдар бойына өзін өзін дәлелдеп, жер жерден Достық үйлері ашылып жұмыс істей бастады. Онда апта сайын ұлтаралық достықты ту ететін, ел бірлігін нығайтатын, қазақ тілімен қатар, өзге ұлттардың да тілін тегін үйрететін жексенбілік мектептер, медиациялық кабинеттер және тағы басқа мақсаттағы ел дамуы үшін пайдалы кабинеттер жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының да жыл өткен сайын қызметі жетілдіріліп, елімізде мекендеген барша ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға, тілін сақтауға көңіл бөлінуде.

Ассамблея да өзінің негізгі қызметінен бөлек Елбасы Жолдауларының өз деңгейінде орындалуына, қайырымдылық жұмыстарының да жасалуына ықпал етуде. Осындай үндескен жұмыстар нәтижесінде Ассамблея жыл өткен сайын қоғамнан өз орнын тауып, қызметі жанданып келеді. Еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырып, ел дамуы жолында бір жұдырық болып жұмылуына ықпал етіп, елімізде өмір сүріп жатқан барша азаматтардың ұлты мен нәсіліне, діни ұстанымына қарамастан, азаматтық құқығы мен бостандығын сақтауда жетекші рөл атқарып отырған институт жұмысы көптің көңілінен шығуда.

 Ел бірлігінсіз мықты мемлекет құру мүмкін емес екенін түсінген Елбасы көрегенділігінің арқасында дүниеге келген институттың бүгінде медиация, қайырымдылық, қазақ тілін дамыту, елдік ұстанымды насихаттаушы секілді бірнеше рөлді қатар алып жүруі Ассамблеяның абыройын арттыра түсуде. Бұл туралы Елбасының өзі: «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас бірліктің бастауы болып келеді. Бүгінде еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Әрдайым елдегі істердің басында тұратын Ассамблея менің іргелі бастамаларымды әр уақытта қолдап, түсіндіріп жүреді. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға тың міндеттер жүктеледі» деп, баға берген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблеяға жыл сайын жаңа міндеттер жүктелуде. Алайда, аталмыш институт солардың барлығын абыроймен атқаруда. Бұл да болса Ассамблеяның артылған сенімді, үмітті ақтап келе жатқанын көрсетеді.

Осы орайда айта кетер жайт, Ассамблея тарапынан 2017 жылы 70 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға көмек қолы созылып, одан өзге сегіз мыңға жуық әлеуметтік ұйымдарға қамқорлық көрсеткен. Бұл Ассамблея тарапынан бір жылдың ішінде ғана атқарылған қайырымдылық бағытындағы жұмыстары. Сондай-ақ, елімізде мекен еткен барша ұлттың мәдениетін дамытуға жағдай жасап қойған елімізде 1071 этномәдени бірлестік құрылып, өз мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту бағытында жұмыс істеуде. 1071 этномәдени бірлестіктің 30-ы республикалық дәрежедегі, 74-і өңірлік және 530-ы сол жергілікті жерлерде жұмыс істейді. Сондай-ақ, еліміздегі 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың ұлттық құндылықтарын сақтап, ерекшеліктерін дәріптеуге күш салатын этномәдени орталықтардың жанынан құрылған еліміз бойынша 20000-нан астам жастың басын қосқан 135 жастар ұйымы жұмыс жасауда.  Өткен жылы 8000-нан астам этномәдени орталықтар жер-жердегі Достық үйлерінде 7000-ға жуық іс-шара өткізген.

Ассамблеяның жыл сайын осыншама игі істерге мұрындық болуы көпшілікті сүйсінтпей қоймайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасында арнайы көрсетілген институттың мұндай қызметі жыл сайын жемісті бола түсуде.

Ассамблея жанынан ашылған Аналар кеңесі, Әкелер кеңесі, қоғамдық келісім кеңестері отбасы құндылықтарын дәріптеу, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, ұрпаққа тәлімді тәрбие беру мен өнегелі отбасыларды дәріптеп, басқаларға үлгі ету бағытында да жұмыстар атқаруда. Бүгінгідей отбасылардың ажырасуы көбейіп тұрған кезеңде, отбасы құндылығын жоғары қойған Аналар кеңесі соңғы екі жылда 1714-ке дейін көбейген. Нәтижесінде Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өтетін іс-шаралар да арта түсуде.

Айта кетер жайт, Ассамблеяның медиацияны дамытудағы еңбегі бір төбе. Соңғы жылдары медиация жүйесін дамыту мен медиаторлар дайындауға айрықша көңіл бөле бастаған қоғамымызда Ассамблеяның бұл бағыттағы өз тәжірибесі бары байқалады. Бүгінде еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясында 700-ге жуық кәсіби медиатор мен 3500-дей қоғамдық медиатор тіркеліп, нәтижелі жұмыс істеуде. Медиация бағытындағы жұмыстарды одан әрі нәтижелі ету үшін биылғы жылы Ассамблея бірнеше Жоғары оқу орындарымен бірге жұмыс істеу үшін келісімге келіп, шарт жасасты. Яғни, алдағы уақытта Ассамблеяның медиациялық қызметі тіпті жандана түсеріне сенім мол.

Бүгінде әлем елдері үшін басты мақсат – ел бірлігін сақтау. Осындай кезеңде еліміздің қаншама ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында айрандай ұйытып ұстап отыруы мен бір мүдде аясында тоғыстырып, ел дамуы жолында бірлесе қызмет етуі талай елдің қызығушылығын тудырып, үлгі болуда.

Еліміз ежелден ел бірлігін басты орынға қояды. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «бірлік бар жерде – тірлік бар», «береке басы – бірлікте» дегендей, ата-бабамыздан ежелден келе жатқан нақыл сөздер еліміздің бірлікке аса қатты мән беретінін байқатады. Осы орайда Ассамблея институтын құрып, оны ел бірлігі жолында тиімді құрал ретінде ұстай білуі елдік ұстанымын аңғартады. Сондықтан, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері де еліміздің бұл бағытын жоғары бағалайды.

Елдік, ұлттық мәселеге келгенде қызуқандылыққа берілмей, дархандық пен парасаттылыққа салынып, дұрыс шешім шығарудың нәтижесінде бүгінде бейбітсүйгіш ел ретінде әлем халқын мойындатып отыр. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға