Жаңалықтар

Асқар Базарбай: ЖИ – адамзаттың шәкірті

Асқар Базарбай: ЖИ – адамзаттың шәкірті
Фото: Жеке мұрағаттан 24.04.2025 15:56 289

Бүгінде жасанды интеллект адамзат қызметінің түрлі салаларына еніп, тіпті шығармашылық пен тіл тәрізді нәзік бағыттарда да белсенді қолданыла бастады. Осы орайда көпшіліктің көкейінде «ЖИ кәсіби аудармашыларды алмастыра ала ма?» деген сауал туындайтыны заңды. Бұл сұрақ әсіресе қазақ-ағылшын бағытында жұмыс істейтін мамандар үшін өте өзекті.

Біз осы тақырып аясында қазақша-ағылшынша кәсіпқой аудармашы, салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман – Асқар Базарбаймен арнайы сұхбаттастық. Ол өз кәсібінің ерекшеліктері туралы баяндап қана қоймай, жасанды интеллектінің қазіргі мүмкіндіктерін кәсіби тұрғыда бағалап, аударма саласының болашағына қатысты маңызды ойларымен бөлісті.

El.kz: Соңғы жылдары аудармада Google Translate, DeepL, ChatGPT сияқты ЖИ құралдары пайда болды. Сіз бұл өзгерісті қалай қабылдадыңыз?

Асқар Базарбай: Аударма саласында біразға дейін автоматтандырылған аударма сынға ұшырап жүрді. Ол кезде "тереңдеп үйрену" сияқты технологиялар болмаған. Алдын ала жасалған алгоритммен аударатын. Сондықтан ондай аударманың дәлдігі мен контекст ескеру қабілеті талаптан төмен болды. Қарапайым адамға болмаса, кәсіби аудармашыларға көмегі күмәнді еді. Қазіргі құралдар аудармашының қара жұмысын да, терең жұмысын да жеңілдетеді. Оған дейін онлайн сөздікті, Trados, MS сияқты күрделі құралдарды қолданып жүрдік. Алғашында күмән болғанымен, уақыт өте жаңа технологияны елден бұрын игерудің тиімділігін көрдік деп ойлаймын.

El.kz: ЖИ-дің жазбаша аударма сапасы жайлы пікіріңіз қандай? Кәсіби деңгейге жетті ме?

Асқар Базарбай: Жазбаша аудармасы сөз жоқ – кәсіби деңгейде. Кейбір қолдану аясы тар күрделі ұғымдар мен қысқарған сөздерден, ашық айтылмаған астардан мүлт кететіні болмаса, 99% дұрыс аударады. 1% – сол саладағы аудармашының ерекше білім-білігіне қарайтын дүниелер.

El.kz: Ауызша аудармада ЖИ әлі толық жетілмеген. Бірақ болашақта бұл салаға да ықпал етеді деп ойлайсыз ба?

Асқар Базарбай: Ауызша аудармада да ЖИ біраз аудармашыларды әлдеқашан шаң қаптырып, уақыт үнемдей алады. Мәселе – адамдар оған толық сенуге дайын ба, сонда. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бар, оңаша ақпарат бар, құпия қалуы керек деректер мен мәселелер бар дегендей. Болашақта ЖИ бұл салаға "келуі мүмкін" емес, келіп қойған. Әрі бұл – жақсы нәрсе. Өйткені аударманың 90 пайызы – жоғары деңгейде өтетін отырыстар емес, техникалық сала мен ауызекі салаға қажет. Қазір туристер ЖИ көмегімен көптеген елдерде емін-еркін өз тілінде сөйлесе алады. Бұл – жалпы тіл үйренуге қажеттікті азайтады. Талантты адамдар шетелге жұмысқа тұру үшін тіл үйренуге іс жүзіндегі мәжбүрлігі азаяды.

El.kz: ЖИ құралдарын өз жұмысыңызда қолданасыз ба? Мысалы, дайындалу кезінде, термин жинауда немесе мәтінді жеңілдетуде?

Асқар Базарбай: Әлбетте. Аяқ астынан бір жиынды аудару керек болса, мысалы. Дайындыққа ешқандай мәтін берілмесе, шамамен қай тақырыпта әңгіме болатынын болжап, соған орай терминдерді, тіпті керек десеңіз, ықтимал сценарийін құрып, репетиция жасауға да болады.

El.kz: Қазақ тілі ЖИ үшін қаншалықты қолжетімді деп ойлайсыз?

Асқар Базарбай: Қазақ тілінде дәл бүгінде ЖИ – орташадан жоғары деңгейде. Ал жалпы халық арасындағы қазақшаның деңгейін ескерсек, ChatGPT тәп-тәуір жазады. Бұған технологияны жасағандардың террабайттап салған мәтін деректері ғана емес, оны алғашқы болып белсенді қолданғандардың еңбегі сіңіп жатыр. Сапа жақсаруы үшін ЖИ-ге түрлі сұрақ қою ғана емес, қателескен жерін түзетіп отыру да маңызды. Өз басым ЖИ-ді калькасыз жазуға үнемі үгіттеп, дұрыс нұсқасын ескертіп отырамын. Deep Search сияқты қасиеттері пайда болғалы, оған мәтіндерді қолмен теріп отырмастан, қазақшасы сауатты сайттарға сілтеме арқылы да бағыттауға болады. Яғни ЖИ-ді тек дайын құрал, құлтемір емес, кәдімгі шәкірт деп қараған пайдалы. Тіл мамандарының бірінші болып пайдалануы және белсенді пайдалануы – тілдің ертеңгі сапасы үшін аса маңызды әрекет. Қазақ тілінің педагогтары мен филологтарын тіпті бәрін тастап, ЖИ-дің қазақшасын шыңдауға шақырар едім. Себебі альфа ұрпағы қазір ата-анасы, ұстазы немесе телевидение емес, ЖИ-ге көбірек сеніп, сонымен көбірек тілдеседі.

El.kz: Қазір ЖИ қазақ тілін жеткілікті меңгерді деп ойлайсыз ба?

Асқар Базарбай: Қазақ тілі ЖИ-ге қиын емес. ЖИ-ге ешбір жүйелі тіл қиын емес. Мәселе – қолданушыларда. Қолданушылардың тілі түзелсе, ЖИ соған ереді біртіндеп. ЖИ-дің тіл үйрену жылдамдығы мен тереңдігі қазір адамнан әлдеқайда жоғары.

El.kz: ЖИ құралдарының дамуы аудармашыларды ығыстырады деп қорқасыз ба, әлде бұл – жаңа мүмкіндіктердің бастауы ма?

Асқар Базарбай: Аудармашыларды ығыстырып жатыр онсыз да. Жоқ, қорықпаймын. Эволюцияның бір сатысы болып, жаңа сатысына текпішек болу – мен үшін мәртебе. Әрбір шын педагог шәкіртінің өзінен озғанын қалайды. ЖИ – адамзат шәкірті. Әрі бұл аудармашыларды тек жаңа сатыға шығарады. Адам ЖИ жасай алатын ұсақ-түйекке бас қатырмай, тек адам ғана ұсына алатын қабілеттеріне ден қояды. Интеллектуалдар үшін қара жұмыс азайып, өзінің айналысқысы келетін ісіне көңіл бөле алады. Болашақ – адам мен ЖИ-дің симбиозына тиесілі.

El.kz: Болашақ аудармашылар үшін қандай дағдылар маңызды болмақ деп ойлайсыз?

Асқар Базарбай: Жас аудармашыларға ауызша аударма дағдысына және адамгершілік қасиеттеріне көбірек көңіл бөлуі қажет. Техникалық дағдылар бәріне біршама ортақ болған жерде – адами қасиеттерің алғы шепке шығады.

El.kz: Егер ЖИ-ге бір кеңес беретін болсаңыз, қазақ тілі туралы не айтар едіңіз?

Асқар Базарбай: ЖИ-ге кеңесім – ағылшын, орыс тілдерінен калька жасамауға тырысу. Сосын қазақша диалогтардан үйренер кезде, алдымен қолданушылардың интеллект деңгейін, лингвистикалық қабілет деңгейін ескеру. Оған ЖИ-дің аналитикалық қабілеті жететініне еш күмәнім жоқ.

El.kz: Асқар мырза, сұхбат үшін рақмет! Жұмысыңызға шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз!

Аршат Ораз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға