Аспан әлемін бағындырған әуе акробаттары
Ресми деректерге сүйенсек бүгінгі таңда қазақ армиясының қатарында сегіз мыңға жуық қыз-келіншектер қызмет етеді. Қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды майдангер батыр қыздардың ерлігін үлгі тұтып, бейбіт заманда әскери жанына серік етіп, ерлермен бірге иық тірестіре өз қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген нәзік жандар қаншама? Қазақстанда парашют спортымен шұғылданатын қыздар командасы бар екенін оқырмандардың бірі білсе, бірі біле бермес. Біз бүгін Қазақстанның атын әлемдік аренаға паш етіп жүрген аяулы арулар – аспан әлемін бағындырған әуе акробаттары туралы сөз қозғамақпыз.
Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің парашют дайындығы орталығына жолымыз түсіп, экстремалды спортпен шұғылданатын ондағы мамандармен тілдескен едік. Қазіргі таңда парашютпен секіруден Азия елдерінің арасында көш бастап тұрған біздің спортшылар екенін мақтанышпен атап өткеніміз жөн.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері парашют дайындығы орталығының қыздар командасы – талай халықаралық жарыстарда тек төл әскеріміздің ғана емес, барша Қазақстанның намысын қорғап жүр. Талай жеңістерді бағындырып, чемпион атанды.
Әскери салада жүрген әрбір әскери маманның қызметі сияқты парашют спортымен шұғылданатын осынау қайсар арулардың да жұмыс күні әскери жарғыға сәйкес өрбитіндіктен жауапкершілікке толы. Олар да жауынгерлік кезекшілікке түсіп, сап түзейді, қолдарына қару алып атыс жаттығуларына қатысады, әскери тәртіпке баулитын теория сабақтарында конспект жазып, уақыттарының көпшілік бөлігін дене шынықтыру даярлығына жұмсайды. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскер өмірінің бар түйіткілі олар аспан әлеміне самғап, көкте қалықтағанда ұмыт болатындай.
Қыздар командасында: Бибігүл Рамазанова, Наталья Николаева, Инна Анцупова, Александра Ларина, Римма Рамазанова сынды жүректі қыздар еңбек етіп жүр. Жүректі арулар деп айтуымызға да негіз бар, бойларына қайсарлық пен қайрат, сенімділік секілді асыл қасиеттерді сіңірген бұл арулар экстремалды спортпен шұғылданады. Қандай іспен шұғылдансаң да ең әуелі үлкен жүрек пен сенім керектігін өздері де алға тартады.
ЖЕТІСТІКТЕРІ
ҚР Қарулы Күштерінің жанынан құрылған парашют спортының командасы 1994 жылы тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес құрылды. Келесі жылында-ақ Италияда өткен әскери спартакиадада біздің парашютистер үздік ондықтың қатарына ілігіп үлгерді. Қарулы Күштер сапында парашют спортының жоғары білікті мамандарын әзірлеу мақсатында 2010 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің шешіміне сәйкес Қарулы күштердің парашют дайындығы орталығы болып қайта жасақталды. Парашют спорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы бүгінгі таңда әскери командалардан құралып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанның атын халықаралық аренаға танытып жүрген команданың ауыз толтырып айтарлық жетістігі де жетерлік. Әскери спортшылар 1995 жылдан бері халықаралық жарыстарда 400-ге жуық түрлі медальдар иеленген. 2001 жылдан бері команда Азия және Океан елдерінің арасында парашют спортының бірнеше түрінен чемпион атанып, күні бүгінге дейін сол атақты абыроймен сақтап келеді. Орталықта халықаралық сыныптағы 18 спорт шебері мен 11 Қазақcтан Республикасының спорт шеберлері дайындалды.
2012 жылы парашют спортынан өткізілген Азия елдері арасындағы тұңғыш әскери чемпионатта аталмыш команда чемпион атағын алды. Өткен жылы Қытайдың Вухань және Куанглай қалаларында өткен Азия мен Океанияның XV және ҚХР-дың 37-ші әскери парашют спорты бойынша интернационалдық ашық чемпионатына қатысқан ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің парашютшілері қоржынына 21 медаль салған еді. Әуе қорғанысы күштері командасын бастап барған команда бастығы майор Леонид Дудкиннің жетекшілігімен Қазақстан Қарулы Күштерінің оңай жарылатын жаңғақ емес екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Аталмыш додада классикалық парашютизмнен қыздар командасы топ болып белгіленген жерге қонудан үшінші орынды иеленді. Аға прапорщиктер Инна Анцупова, Наталья Николаева, прапорщик Бибігүл Рамазанова және кіші сержант Римма Рамазанова қола медальге ие болды. 2014 жылы 53975 әскери бөлімінің базасында өткен парашют спортының чемпионатында ұлттық құрама тағы да топ жарды. Қазақстанның мықты парашютистері сайысқа түскен намысты додада біздің спротшылары намыстан қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінген еді.
– Бүгінгі таңда әскери парашют спорты әлемнің 40-қа тарта елдерінде үш бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатыр, – дейді Парашют дайындығы орталығының спортшысы Бибігүл Рамазанова. Олар классикалық парашют, топтық және куполдық парашюттік акробатика. Әлем бойынша Ресей, Қытай, Италия, Германия, Франция және АҚШ мемлекеттері үздіктер қатарында. Бір жағынан бұл элиталы спорт түріне жатқызылса, екінші қырынан қауіпті спорт түрі екені мәлім.
Мұндағы мамандар әскери мамандық болғандықтан парашютпен секіруге машықтану, оны жетілдіріп, қыр-сырын меңгеру мойынға жүктелген міндеттің ең негізгісі екенін айтады. Парашютпен секіру барысында олар заңғар көкте қалықтаған ұшу аппаратынан секіріп, өмірін қауіп-қатерге тігетіндіктерін алға тартады. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей өміріңе қауіп төнсе де, жыл сайын парашют спортына келушілердің саны арта береді екен.
«Біз әуе акробаттары деп атаған қыздар командасы әлемнің 40 елінен спортшылар қатысқан талай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Аз уақыт аралығында осындай жетістіктерге қалай қол жеткіздіңіздер деген сауалымызға топ капитаны Наталья Николаева былай жауап берді: «Жыл өткен сайын қыздар командасының мүшелері ауысып отырады. Парашют спорты өзінің беделі мен романтикасына қарамастан, тек біз үшін ғана емес, ерлер үшін де спорттың қауіпті әрі ауыр түріне жатады. Біздегі команда мүшелері парашют спортындағы алғашқы қадамын авиациялық-спорт клубынан бастағандар. Арамыздағы ең жас парашютист спортшы Александра Ларина. Ол әзірге 1300-га жуық секіріс жасады. Алайда, Александра әлемдік деңгейде өткен бірнеше жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, топқа тез сіңісіп кетті».
Спорт комитеті Александраға парашют спорты бойынша «Қазақстан Республикасының спорт шебері» деген атақ беріпті.
– Қатарға қосылған жас спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, тәжірибемізбен бөлісіп, білгенімізді үйрету – бізге парыз,– дейді Наталья Николаева. – Парашют спортында онсыз болмайды. Мәселен, аэродромды тағы бір мәрте тексеріп, өзіңнің алдыңда әуеге көтерілетін әріптесіңнің әуе суднасына бір көз жүгіртіп алу бізде дәстүрге айналған үрдіс. Дей тұрғанмен, ол ұшар алдында екі мәрте тексерілсе де тағы бір мәрте көз жеткізу артық етпейді. Міне осындай ұсақ-түйек жұмыстарды команда мүшелері ынтымақпен атқарады. Бұл – біздің бірлігіміздің белгісі.
Команда мүшелері Наталья Николаева, Бибігүл Рамазанова, Александра Ларина есімді қыздарымыз спорт шеберлері болса, Инна Анцупова халықаралық сыныптағы спорт шебері болып табылатынын анықтап айта кетейік.
Наталья Николаева спорттық еңбек жолында 5400 рет парашютпен секіріс жасаған. Ирина Анцупова – 4600, Бибігүл Рамазанова – 4000. Әлі де талай асуларды бағындыратындарына сенімі мол спортшылар үздіксіз еңбек пен толассыз жаттығулар оларды шынықтыра түсетінін айтады.
– Жарысқа қатысу арқылы парашютшілер өздерінің спорттық-техникалық шеберліктерін дамытып, халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге деген ұмтылыстарын арттырады, – дейді парашют дайындығы орталығының бастығы әрі бас бапкері майор Леонид Дудкин. – Күн санап дамып келе жатқан төл әскеріміз тәжірибелі парашютистер мен парашют ісінің нұсқаушыларына зәру. Бұған қоса Қазақстанның парашют спортына үлкен қолдау керек. Біздің орталықтағы қыздар командасы еліміздегі өзге әскери бөлімдерден жолдамамен келгендерге парашют спортының қыр-сырын үйретуге атсалысады. Спортшы қыздарымызда тәжірибе баршылық. Олар сонымен қатар өз шеберліктерін түрлі оқу-жаттығулар мен әлемдік деңгейде ұйымдастырылған байрақты бәсекелерде көрсетіп келеді. Әуе қорғанысы күштері парашют дайындығы орталығының спортшылары парашют түрлерінен әлемге әйгілі «Парафойл», «Сейбр», «Триатлон» секілді маркаларын қолданады. Парашют спортына қызығушылық пен жүрек керек. Өйткені аспан — бұл өзіне тартып алатын және одан шығу мүмкін емес көк теңіз.
Аспан әлемін бағындыратын осынау болмысы өзгеше кәсіпті таңдаған әскери қызметші, әскери парашютші қыздардың қай-қайсысы да үйде ардақты ана, аяулы жар. Олар да бала тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы болып отырған жандар. Әр жолы көкке көтерілген сайын өмірін қауіпке тігетін спортшылар әлемдік деңгейде ел намысын қорғап, беделін көтеруге үлестерін қосып келеді.
Қызықты мәліметтер
Парашют жасаудың идеясы мен оның ғылыми негізін 1495 жылы Леонардо да Винчи ұсынды. Тұңғыш рет 1617 жылы венециялық инженер-механик Ф.Веранцио биік мұнара төбесінен парашютпен түскен. 1783 жылы француз С.Ленорман аспанкезгіштер үшін қатты қаңқалы парашют жасап, сынақтан өткізді, оның отандасы Ж.Гарнерен 1797 жылы әуе шарынан қатты қаңқалы парашютпен түскен. 1911 жылы әлемде алғаш рет арқаға асатын құтқарушы парашютті орыс өнертапқышы Г.Е. Кательников жасаған. 1912 жылы алғаш рет америкалық Альберт Берри ұщақтан парашютпен секірген. Парашютпен ең жоғарғы биіктіктен секіру бойынша рекордтық көрсеткішті бағындырған да америкалық Джо Киттингер болды. Ол 31332 м биіктікті жеңе білді.
Ал, 97 жастағы Джордж Мойз әлемдегі ең кәрі парашютист ретінде саналады. Ол 43 жастағы немересімен бірге 3000 м биіктіктен парашютпен секіріп, жерге сәтті қона білді.
Жер шарындағы ең көңілді парашютистер – жапондықтар. Олар «банзай» деген секірісті ойлап тапқан. Ең қызығы олар әуелі ұшақтан парашютті лақтырып, артынша өздері секіреді. Қуып жетіп, парашютті ашып үлгеруі тиіс.
Тағы бір қызықты мәлімет келтіре кетейік, кейбір адамдар аспан әлеміне көтерілгенде өзімен бірге үй жануарын ала кетеді екен. Мәселен, Отис есімді мысық өз иесімен бірге 64 рет парашютпен секіріс жасаған. 2000 жылы америкалық Вьетти-Теппа Леонардо да Винчи ойлап тапқан парашюттің үлгісімен секіріп көрді. Қадамы сәтті аяқталған.
Парашюттердің қолданылуына байланысты адамдарға арналған, жүктік және арнайы түрлері болады. Адамдарға арналған парашюттер құтқарғыш, жаттығулық, спорттық және десанттық болып бөлінеді. Парашют күмбезінің пішіні әр түрлі (жазық дөңгелек, тік төртбұрыш, жарты шар, қиық конус, ротор) ауданы бірнеше м2 болады. Негізінен барлық парашюттердің құрылымдары бірдей. Парашюттің негізгі бөліктері: баулықтар байланған күмбез, тарту және ілу құрылғысы, аспалы жүйе, арқан орауыш. Парашют күмбезі орауышқа жиналады, ал аспалы жүйе парашютке киіледі немесе тасталатын жүкке бекітіледі.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ