Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов елордадағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді
Асхат Аймағамбетов елордадағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты
Фото: gov.kz 15.08.2022 12:44 1028

Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысты, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен таныстым. Құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған мектепте болдым. Былтыр қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарын реттеп, нысан басқа мердігерге берілген болатын. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ұлы Дала мен №39 көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп биылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ International School of Nur-Sultan жекеменшік мектебінің құрылыс барысымен таныстым. Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік мектептер де белсенді түрде салынып жатыр. Оларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру есебінен оқушы саны толып жатқан мектептерді азайтамыз.

Басқа мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығын тексердім.

№71 мектеп-лицейінде болдым. Білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы, спорт залын, жуынатын бөлмелерді аралағанда ондағы әріптестеріммен әңгімелестім.

Әсіресе, мектеп кітапханашысының өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығы ерекше әсер қалдырды. Оқушылар кітапханашылардың еңбегін бағалап, оларды оқыған кітаптарының санымен қуантады деп үміттенемін.

Әріптес педагогтер де оқу жылына қызу дайындық үстінде. Мектепке дайындалып жатқан болашақ 1-сынып оқушыларымен де әңгімелестім.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектептерді салуды және жөндеу жұмыстарын жүргізуді әкімдіктер жүзеге асырады.

Мектептердің жөндеу жұмыстары, құрылыс сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар.

Сапаны қамтамасыз ету бөлімшелерінің өкілдері құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді және тексеріс елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Әкімдіктерге шара қабылдау үшін ескертулер жолданды.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға