Жаңалықтар

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру басты назарда

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру басты назарда
Фото: Қорғаныс министрлігі 27.01.2024 17:48 797

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов Аягөз, Абай, Өскемен және Жетісу гарнизондарының әскери бөлімдерінде болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сапар барысында ол жеке құраммен бірқатар кездесу өткізіп, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен, сарбаздардың мәдени демалысының ұйымдастырылуымен, тамақтану рационымен және тамақты дайындау сапасымен танысты.

Әскери қызметшілермен болған кездесулердің бәрі «Ана жүрегі» комитетінің өкілдерімен және ата-аналардың қатысуымен өтті. Мәселен, 27943 әскери бөліміндегі іс-шарада Өскемен қаласының тұрғындары Е. Баева, М. Писменная, сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілі Н. Косолапова сарбаздардың алдында сөз сөйледі.

Әскери бөлімдердің жағдайын объективті бағалау мақсатымен күнделікті және оқу-жауынгерлік қызметтің әртүрлі аспектілері бойынша мерзімді қызмет әскери қызметшілері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері сарбаздарды оқыту мен тәрбиелеуде адал қызметімен ерекшеленген офицерлер мен сержанттарды анықтады. Респонденттер тамақтануды ұйымдастыру бойынша да өз тілектерін білдірді.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Абай гарнизонында әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жауапты офицерлердің қызметін тексерді. Әскери бөлімдерде отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және буллингтің алдын алу әдістері талданады. Қарауылға және жауынгерлік кезекшілікке түсетін әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізуді ұйымдастыру қажеттігіне назар аударылды.

Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөліміндегі мерзімді қызмет сарбаздарын жоғары оқу орындарына түсуге дайындау бойынша жүргізілген ақпараттық-тәрбие жұмысына оң баға берілді. Бөлімдегі арнайы бұрышта оқу материалдары, анықтамалықтар және ҰБТ тестері орналастырылған. QR кодтары бар карта әзірленген. Соның арқасында мерзімді қызметтің сарбаздары Қазақстанның кез келген жоғары оқу орны туралы толық ақпарат ала алады.

Штабта бөлімшелердің күн сайынғы жауынгерлік дайындық, әскери тәртіп, әскерлер қызметі, тылдық және техникалық қамтамасыз ету қызметіндегі кемшіліктері мен жетістіктері көрсетілген стенд орналастырылған. Жеке құрамның өз міндеттерін, мемлекеттік-құқықтық дайындық негіздерін білуі, әскери тәртіпті сақтауы тіркеліп отырады. Әскери қызметшілер запасқа шығарылғаннан кейін бір жылғы рейтинг негізінде білім алу жеңілдіктерін пайдаланып, ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына тегін негізде түсе алады.

Жетісу гарнизонында полковник Ермиян Бятов әскери қызметшілермен бірге 100 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайыновты құттықтап барды. Ол сондай-ақ Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойына арналған іс-шараларды өткізу сапасына баса назар аударды. Бұл ретте мұражайлармен, театрлармен және кітапханалармен ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

Барлық гарнизондарда әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен кездесулер өткізілді. Онда ақшалай үлес, киім-кешек мүлкін пайдалану нормалары мен мерзімдері, электр энергиясына тарифтер, қызметке келіп-кету үшін автокөлікпен қамтамасыз ету, жұмыс уақыты регламентін сақтау мәселелері әңгіме болды. Барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріліп, оларды құзыреті бойынша шешуге тапсырмалар қойды.

Ерекше көзге түскен офицерлерге, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен сарбаздарға Құрлық әскерлері қолбасшылығының атынан грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға