Жаңалықтар

Әскери оқу орнының курсанттары Отанымызға адал болуға ант берді

Әскери оқу орнының курсанттары Отанымызға адал болуға ант берді
30.08.2023 19:01 996

Конституция күні қарсаңында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 300-ден астам курсанты салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Салтанатты шара 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтті. Оған Қарулы күштердің ардагерлері, әкімдік өкілдері, курсанттардың ата-аналары мен туыстары қатысты.

Бас штаб бастығы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров курсанттарды айтулы оқиғамен құттықтады.

Бүгін сендер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға салтанатты түрде ант беріп тұрсыңдар. Қиын да құрметті Отан қорғаушы мамандығын таңдадыңдар. Бүгінгі қабылдаған салтанатты анттарыңның әр сөзін шын жүректен түсініп, абыроймен орындайды деп сенемін, – деді Қаныш Әбубәкіров.

Курсанттарға алда төрт жыл оқу күтіп тұрғанын еске салған генерал-майор:

Алда үлкен сынақтар күтіп тұр. Далалық жағдайда шыңдалып, жауынгерлік қарудан оқ ату мен әскери техника меңгеруде шыдамдылық пен төзімділік көрсетулерің керек. Оқуда зерек боп, әскери институттың курсанты атағын абыроймен алып жүріңдер, – деп түйіндеді.

Қонақтар үшін курсанттар қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қару-жарақпен саптық тәсілдер көрсетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға