Әскери курсанттар республикалық турнирде чемпион атанды

Қорғаныс министрлігі әскери институтының курсанттары қоян-қолтық ұрыстан өткен республикалық турнирдің чемпионы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматыдағы Балуан шолақ атындағы Спорт сарайында қоян-қолтық ұрыстан жыл сайынғы республикалық турнир өтті. Беделді жарыста курсант Мәди Жақанов пен Амантай Тілек жеке біріншілікте алтын медаль жеңіп алды.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрама командасы жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Жеке есепте курсанттар Мәди Жақанов (62 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) және Амантай Тілек (97 келіден жоғары салмақ дәрежесі) алтын медаль жеңіп алды. Курсанттар Жасұлан Ерғалиев (88 келіге дейін), Жасұлан Оразбаев (57 келіге дейін) және Ерлан Андиров (97 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрамасы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Курсанттарымды мақтан тұтамын. Олардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы өз нәтижесін берді. Әр медаль - қажырлы еңбек пен жоғары дайындық деңгейінің нәтижесі. Біз шеберлікті жетілдіру үшін жаттығуды жалғастыра береміз, - деп атап өтті дене шынықтыру даярлығы кафедрасының оқытушысы майор Данияр Буданов.
