Жаңалықтар

Әскери билетті қалай алуға болады?

Әскери билетті қалай алуға болады?
Фото: коллаж El.kz 26.02.2025 18:10 174

Әскери билет – азаматтың әскери есепте тұрғанын растайтын маңызды құжат. Бұл құжатты алу әр азамат үшін міндетті болғанымен, оның рәсімделу тәртібі кейбір жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін. Әскери билет алу процесін жеңілдету үшін оның негізгі кезеңдері мен талаптарын білу маңызды. Осы орайда әскери билет алу жолдары, қажетті құжаттар тізімі және оны рәсімдеу кезінде ескеретін жайттар туралы айтамыз.

2023 жылғы 16 қарашадан бастап Қазақстанда әскери есепке алу жүйесіне өзгерістер енгізілді. Жаңа қағидаларға сәйкес:

  • Тіркеу туралы куәліктер беру тоқтатылды.
  • Әскери билеттер енді тек әскери қызметтің немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтің белгіленген мерзімін өтегендерге ғана беріледі.

Кімдер әскери есепке тұруға міндетті?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҚР азаматтары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында (военкоматтарда) әскери есепке тұруы тиіс. Алайда, келесі санаттағы адамдар бұл міндеттен босатылады:

  • Әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдер;
  • Запаста болудың шекті жасына жеткеннен кейін әскери қызметтен босатылған немесе әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
  • Бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүргендер;
  • Қазақстаннан тыс жерлерде тұрақты тұратындар;
  • Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ олардың курсанттары мен тыңдаушылары.

Әскери есепке алынатын азаматтар

Мынадай азаматтарға әскери есепке тұру міндеттеледі:

  • 17 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақырылушылар (ер адамдар ғана);
  • Қатардағы және сержанттық құрам – 50 жасқа дейін;
  • Офицерлік құрамдағы әскери міндеттілер – 60 жасқа дейін;
  • Қатардағы және сержанттық құрамдағы әйелдер – 35 жасқа дейін;
  • Офицерлік құрамдағы әйелдер – 45 жасқа дейін.

Медициналық оқу орындарын бітірген немесе әскери қызмет өткерген әйелдер әскери есепке тұруға міндетті.

Әскери есепке алу тәртібі

Қазіргі таңда 17 жасқа толған азаматтарды әскери есепке алғашқы қою Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл процесс олардың жеке қатысуынсыз орындалады.

Әскери есепке алу кезінде азаматтардың:

  • Денсаулық жағдайы;
  • Мүгедектіктің болуы;
  • Отбасы жағдайы (некесі, балалары);
  • Білімі туралы ақпарат мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады.

Егер азаматтың тұрақты тіркеу мекенжайы өзгерсе, әскери есептегі мәліметтер де автоматты түрде жаңартылады.

Әскери есепке тұруға байланысты мемлекеттік қызметтер

Келесі жағдайларда азаматтар «Электрондық үкімет»ю порталы арқылы «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою» мемлекеттік қызметіне өтініш бере алады:

  • ҚР азаматтығын алғандар;
  • Әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарынан босатылғандар;
  • Әскери оқу орындарынан шығарылғандар;
  • Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар;
  • Әскери-есептік мамандық алған әйелдер.

Әскери есепке алу міндеттерін орындамаған азаматтарға 5 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Әскери қызметке шақыру және кейінге қалдыру тәртібі

Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.

Әскери есепте тұрған жастар жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға немесе бөлімдерге шақыру қағазында көрсетілген уақытта келуге міндетті. Олар медициналық тексеруден өтіп, қажетті талдаулар (қан, зәр, флюорография, ЭКГ) тапсырады.

Әскери қызметке жарамдылық санаттары

Медициналық комиссия әрбір әскерге шақырылушыға мынадай жарамдылық санаттарының бірін белгілейді:

  • «А» – әскери қызметке толық жарамды;
  • «Б» – кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамды;
  • «В» – шектеулі жарамды (бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылмайды, бірақ соғыс уақытында шақырылуы мүмкін);
  • «Г» – уақытша жарамсыз (денсаулығына байланысты шақыру кейінге қалдырылады);
  • «Д» – бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі түрде шақырылуы мүмкін;
  • «Е» – әскери есептен шығарылады, мүлдем жарамсыз.

Шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының денсаулық жағдайы, білімі, мамандығы және жалпы даму деңгейін ескере отырып, мынадай шешім қабылдайды:

  • «А», «Б» және «В» санаттары бар азаматтар – әскери қызметке шақырылуға жатады (егер кейінге қалдыру немесе одан босатудың негіздері болмаса);
  • «Г» санаты бар азаматтар – денсаулығына байланысты әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады;
  • «Д» санаты бар азаматтар – әскери қызметтен босатылады;
  • «Е» санаты бар азаматтар – әскери міндеттен толық босатылады.

Әскери қызмет мерзімі

  • Мерзімді әскери қызмет – 12 ай;
  • Офицерлік құрам үшін (әскерге шақыру бойынша қызмет) – 24 ай;
  • Келісімшарт негізінде қызмет ететіндер – келісімшартта белгіленген мерзімге.

Шақыру қағазын алған азамат көрсетілген мерзімде келмесе, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру

Кейінге қалдыру тек шақыру комиссиясының шешімімен беріледі және «Электрондық үкімет» порталы арқылы рәсімделеді. Өтініш беру кезінде азамат кейінге қалдырудың негізін растайтын құжаттарды қоса тапсыруы қажет.

Отбасылық жағдайына байланысты кейінге қалдыру

Егер әскерге шақырылушының асырауында мынадай отбасы мүшелері болса:

  • Зейнеткерлік жастағы немесе 1-2 топтағы мүгедек ата-анасы (әкесі, анасы, атасы, әжесі);
  • 1-2 топтағы мүгедек немесе 18 жасқа толмаған бауырлары (ата-анасы болмаған жағдайда);
  • Қорғаншылық немесе қамқоршылық туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы бар жетімдер немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
  • Некеде тұрған және баласы бар болса, тек отбасылық жағдайды тексеру актісін тапсырады.

Білімін жалғастыруға байланысты кейінге қалдыру

Оқу орнынан берілген оқуын растайтын анықтаманың электрондық көшірмесі қажет.

Кәсіптік қызметіне байланысты кейінге қалдыру

Кейбір мамандық иелеріне кейінге қалдыру беріледі:

  • Педагогтер;
  • Ауылдық жерде жұмыс істейтін дәрігерлер;
  • Депутаттар;
  • Азаматтық авиация саласының мамандары (ұшу экипаждары, инженерлер, механиктер, техниктер);
  • Кемелер экипажының мүшелері;
  • Жұмыс орнынан берілген анықтаманың электрондық көшірмесі қажет.

Мерзімді әскери қызметтен босату және әскери билетті беру тәртібі

Мерзімді әскери қызметтен босату

Мерзімді әскери қызметке шақырудан босату тек тиісті негіздер болған жағдайда шақыру комиссиясының шешімімен жүзеге асырылады. Бұл рәсім «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызметі ретінде көрсетіледі.

Бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан босатылатын азаматтар:

  • Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
  • 27 жасқа толғаннан кейін заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмағандар;
  • Әскери қызмет өткеру барысында жақын туыстары (әкесі, анасы, ағасы немесе әпкесі) қаза тапқан, мүгедек болған (I немесе II топ);
  • Басқа мемлекетте әскери немесе балама қызмет өткергендер;
  • Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер (ҚР Заңының 51-бабы, 9-тармақ);
  • Ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
  • Тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері.

Әскери жиындардан босату

Кейбір санаттағы азаматтар әскери жиындарға шақырылмайды. Олар:

  • Қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласында мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер;
  • Мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
  • Ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс істейтіндер (егіс және егін жинау кезеңінде);
  • Күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдарының педагогтері және білім алушылары;
  • Әйелдер (әскери міндеттілер қатарына жататын);
  • Қордағы әскери міндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейін алғашқы екі жыл ішінде;
  • Үш және одан да көп 18 жасқа толмаған баласы бар азаматтар;
  • Қылмыстық іс жүргізіліп жатқан азаматтар;
  • Парламент немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары.

Әскери билет беру тәртібі

Әскери билет алу үшін «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Әскери міндеттілерге әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын беру» мемлекеттік қызметіне өтініш беру қажет.

Бұл қызмет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

  • Әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарынан босатылғандар;
  • Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар;
  • Басқа мемлекетте әскери қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандар;
  • Әскери атағы қалпына келтірілгендер (сот қаулысының көшірмесі қажет).

Әскери билетті алу немесе ауыстыру келесі жағдайларда жүзеге асырылады:

  • Әскери билетті жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда. Бұл үшін ӘҚБтК-нің 649-бабына сәйкес әкімшілік жаза туралы қаулы немесе жоғалту/бүліну фактісін растайтын мемлекеттік органнан анықтама қажет;
  • Ескі үлгідегі әскери билетті жаңасына ауыстыру (құжат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тапсырылады);
  • Тегі, аты немесе әкесінің аты өзгерген жағдайда (ауыстырылатын әскери билет корпорацияға тапсырылады).

 

Әскери-техникалық мектепте әскери даярлықтан өту тәртібі

Қазақстан заңнамасында «баламалы қызмет» ұғымы жоқ. Алайда, мерзімді әскери қызметтің орнына Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде (ӘТМ) қысқа мерзімді әскери оқудан өту мүмкіндігі қарастырылған.

Әскери-техникалық мектепте оқыту

Әскери даярлық облыс орталықтарында орналасқан 13 ӘТМ филиалында ақылы негізде жүргізіледі. Оқу курсының құны – 370 000 теңге.

Кімдер қабылданады?

  • 24 жастан асқан ер азаматтар;
  • Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды;
  • Сотталмаған;
  • Бұрын кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланғандар.

Оқуға қалай түсуге болады?

  • «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша азаматтарды даярлау» мемлекеттік қызметіне өтініш беру қажет;
  • Медициналық куәландыру картасы (әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытындымен бірге) қоса тіркеледі.

Оқуды аяқтағаннан кейінгі мәртебе

  • Әскерге шақырылушылар оқу бағдарламасына сәйкес әскери-есептік мамандық алып, әскери міндеттілер қатарына қосылады;
  • Әскери міндеттілер өткен оқу бағдарламасына сәйкес жаңа әскери-есептік мамандық алады.

Әскери-техникалық мектепте даярлықтан өту әскери қызмет өткерумен теңестіріледі («Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 18-бабының 3-тармағы).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға