Жаңалықтар

Әскерден қашу қылмыспен тең

2022 жылы 35 мыңға жуық жас сарбаз әскерге аттанды
Әскерден қашу қылмыспен тең
Фото: gov.kz 17.01.2023 18:00 4171

Кейінгі жылдары жастар арасында әскерден қашу жағдайы жиі орын алуда. Бұл қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Мемлекет басшысы жастарды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыру керек деген еді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және әскерден қашудың себебін саралап көрдік.

Қорғаныс министрлігі берген ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы 35 мыңға жуық жас сарбаз қарулы күштер, мемлекеттік күзет қызметі, шекара қызметі, ұлттық ұлан, төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің қатарын толықтырған. Қазір олар әскери істің қыр-сырын үйреніп, Отан алдында борышын лайықты атқарып жүр.

Әскерден қашудың басты себебі

Министрлік әскерден қашуға бірқатар себептің барын алға тартты. Жастарды мерзімді әскери қызметке жыл сайынғы шақыру кезінде бірқатар мәселелер туындайды. Оның ішінде сыртқы көші-қонға қатысты мәселелер де бар. Шақыру науқаны басталысымен 10 мыңнан астам әскерге шақыру жасындағы азаматтар әртүрлі себептермен оқуға, емделуге, Ресей, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қырғызстан сияқты тағы басқа мемлекеттерге жұмысқа кетеді және шақыру аяқталғанға дейін сонда болады.

Бұған ішкі көші-қонды да қосуға болады. Жыл сайын әскерге шақыру жасындағы 25 мыңнан астам азамат республиканың басқа өңірлеріне кетіп, әскери есептен шығарылмай тұрғылықты жерін ауыстырады. Олардың бәрі іздеуге жіберіледі. Сондай-ақ медициналық куәландырудан өту кезінде де денсаулық жағдайы бойынша шақырудан негізсіз жалтаратын жастардың барын атап өтуге болады.

Сонымен қатар, нарықтық экономика жағдайында несиелендіруге байланысты қаржылық мәселелер де туындайды. Бұл да әскери қызметтен жалтаруға негіз болып отыр.

Сондықтан әскери басқару органдары халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әскерге шақырылушылар, ата-аналар, журналистер, қоғам өкілдері кез келген ақпаратқа жүгініп, жауап ала алды. Ата-аналармен арнайы әңгімелер өткізіледі. Оларға комиссияның жұмысы қалай құрылатыны, қызмет орнына бөлу жүріп жатқаны айтылады.

Ең алдымен, біз халыққа қызмет өткерудің маңыздылығын жеткізгіміз келеді. Әрбір мерзімді қызметтегі әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әрбір әскерге шақырылушы Отан алдындағы борышын орындау қажеттілігін түсінуі керек.

Бүгінде республика бойынша 35 мыңға жуық жас іздестіріліп жатыр. Бұлардың басым көпшілігі әскери есептен шығарылмай, түрлі себептермен әр жаққа кетіп қалғандар. Осыған сәйкес әскерге шақырылушыларды іздестіруді және әскерге шақыру пунктеріне жеткізуді ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жоспар жасалып, жергілікті полиция қызметі іздестіруде жүрген әскерге шақырылушыларды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды жүргізеді. Егер әскерге шақырылушының тарапынан айқын жалтару жағдайы белгіленсе, ол әрине жауапкершілікке тартылады. Мысалы, былтырғы жылы көктемгі әскерге шақыру барысында 10 мыңнан аса аса жалтарушы тіркелді. Оның ішінде 3 091 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әскерде әлі күнге дейін ескі патриархалды жүйе сақталған

Журналист, азаматтық белсенді Тұрсын Жолдыбай жастардың әскерге барудан қашуы әлі күнге дейін ескі патриархалды жүйенің сақталғандығы себеп деп отыр.

«Әскерде әлі күнге дейін ескі патриархалды жүйе сақталған. Оның бар екендігін біздікілер жоққа шығарады. Жастарды әскерге тартатындай жаңа бір жүйе жетіспейді. Бір жыл бойы әскерде болу керек деген механизмнің өзі ескірді. Бұған бір жаңашылдық керек. Бір жағынан оларға үйінен күнделікті қатынап отыратындай мүмкіндік берілу керек деп ойлаймын. Яғни, әскерлердің қызығушылығын арттыратындай дүние жоқ», – дейді азаматтық белсенді.

Сондай-ақ, ол бүгінде әскерге барып, табыты қайтып жатқан қаншама жас әскерлердің өмірі үйдегі ата-ананы ғана емес бүкіл елді алаңдатып отырғанын тілге тиек етті.

«Ешкімнің өлгісі келмейді. Әскерилердің өлімін өзіне жауып, баланы кінәлі етіп шағарып жатқан жағдай көп. Өздері әскерге жуас, әлсіз болып келді. Сол себепті, күшті көтере алмайды деген сияқты мәселе қалың. Бұл жерде баланы кінәлап керек емес. Беймәлім өлімге өзін ешкім қиғысы келмейді. Ішкі істер және Қорғаныс министрлігі болсын бұл сұраққа әлі бір дұрыс жауап берген жоқ. Не себепті осындай жағдай болып жатқанын және кімнің өлімі қалай болғанын, кім жауапкершілікке тартылды деген сияқты сауал жауапсыз қалып келеді. Яғни, сұраусыз өлген адам сияқты болып жатыр. Жас жігіттер әскерге барудан осы себепті қашады. Олардың тағдырын кешкісі келмейді», – деді ол.

Жастарды әскерге тартуда ынталандырудың жолдары

Министрлік Президент тапсырмасына сәйкес, жастар арасында әскери борышын өтеуге ынтасын арттыру шараларын қабылдады. Бүгінде 40-тан астам жоғары оқу орындарының ректорларымен келісім жасасты. Олар 2023 жылдан бастап мерзімді әскери қызмет өткергендерге ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, оқуға түсу құқығын беруге әзір, ал қызмет барысында ерекше көзге түскендерге оқу орны есебінен гранттар беруге дайын.

Әскерден қашу қылмыспен тең

Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда. Мәселен мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде «кредиттік демалыс» беру үшін банктермен келісім жасалуда.

Азаматтық белсенді Тұрсын Жолдыбай 2013 жылы «Көк тарландары» деп аталатын әскери-патриоттық бағыттағы түсірілген телехикая жастарды әскерге баруға ынталандыруда әскери имидж қалыптасыруға өте жақсы үлес қосқан кино туынды болғанын атап өтті.

«Сол кезде менің айналамдағы жігіттер осы кино туындыны көру арқылы десант болуға және әскерге баруға талпынғаны есімде. Бәлкім, мемлекеттің осы тұрғысынан да идеологиялық бір механизмді дұрыс жасамай отырғаны да әсер етуі әбден мүмкін», – дейді ол.

Шынымен, телехикая сюжеті Қазақстан әскері қатарындағы әуе десанттарының жауынгерлік өмірі негізінде өрбиді. Отан үшін жанқиярлық іске басын тігетін  ел перзенттерінің күш-жігері мен өр рухына негізделген кинотуынды және тәрбиелік сипатқа толы болды.

Жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында мерзімді әскери қызметін өтегендердің барлығы емтихансыз және тегін оқи алады. Мұнымен қоса, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша үздік шыққан жекелеген әскери қызметшілерге жоғары оқу орны есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады.

Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңіріндегі 50-ге жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беру туралы бастаманы қолдады.

Әскерге барғандарға берілетін грант туралы азаматтық белсенді өз ойын былай білдірді:

«Бұған көзқарасым дұрыс емес. Бұл өте үлкен патриархалды феномен деуге болады. Неге әйелдерде мұндай мүмкіндік жоқ? Неге ерлерге ғана осындай жағдай жасалуы тиіс? Әскерге барып келдің, міне, саған грант деген қисынсыз болатын сияқты. Бұл бір жағынан мемлекеттің емес, салық төлеушілердің ақшасы. Қай ақша қайда жұмсалу керегін халық та шешу керек деп есептеймін. Сол себепті, бізге әлі жаңашылдық керек. Кезіндегі Кеңес үкіметінің жүйесі әлі жойылмаған. Адам қақын сақтаушы және қорғаушы ретінде айтарым, әскер деген патриархалды әлемнің ерлерді қолшоқпарға айналдырған көрінісі. Неге ер адам болғаны үшін соғысуға міндетті. Мысалы, Израильде әйелдер әскери борышын өтей алады. Егер тең құқықты болғымыз келсе, неге біздің елде осындай жүйені енгізбеске? Екіншіден, мәжібүрлеп емес, ерікті түрде әскерге баруға жұмылдыру қажет шығар. Үйінен баса көктеп алып кету – бұл адам құқығын таптау. Осы тұрғыдан әскердің ең негізгі концепциясын қайта қарау керек», – дейді азаматтық белсенді Тұрсын Жолдыбай.

«Жас сарбаз»

Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамытудың Ұлттық жоспарын орындау мақсатында Қорғаныс министрлігі «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери- патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігімен өзара іс-қимылда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді.

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша әскери-патриоттық ұйымдардың саны 8338 құрады, оған 250 154 ұл мен қыз қамтылған.

«Жас сарбаз» қозғалысының базасында 6 мыңнан астам тәрбиеленушіні қамти отырып, 400-ге жуық «Smart сарбаз» үйірмесі құрылды. Бұл үйірмелерде патриоттық іс-шаралардан өзге, балалар инновацияларды игеріп, өздерінің техникалық идеяларын жүзеге асырады.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 23 қаңтардағы Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінің қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі хаттамаға сәйкес Қорғаныс министрлігі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама өскелең ұрпақтың идеологиялық жұмысы мен әскери-патриоттық тәрбиесін одан әрі жетілдіруге жаңа серпін береді.

Идеологиялық жұмыс пен әскери-патриоттық тәрбие жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі ақпараттық-түсіндіру тобын құрды. Бұл топ гарнизондарға барып, Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттарын, Қазақстан халқына Жолдауларын жеткізеді. Жеке құрамды жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы хабардар етеді, тәрбие жұмысын жүргізеді. Оның ішінде командалық құрамды жеке құрамды тәрбиелеудің жаңа әдістеріне үйретеді.

Әскерге шақырылушыларды ынталандыру мақсатында әскери-патриоттық акция, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық ән фестивалі, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны сияқты қоғамдық маңызы бар іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп тұрады.

Жыл сайын оқу орындарында Ерлік сабақтары өткізіледі. Оған көрнекті әскери және қоғам қайраткерлері, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері белсенді түрде қатысады.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әскери-патриоттық акциялардың, конкурстардың, викториналардың, әскери-далалық ойындардың, әскерилендірілген эстафеталардың барлық түрлері өткізіліп келеді. Олардың қатарында «Ашық есік күні», «Әскерге шақырылушылар күні», «Жас армияшылар күні», «Қазақстан армиясындағы бір күн», «Ақ найза», «Ұлан», «Алау», «Батыр», «Жас Ұлан» және басқалар бар.

Мерзімді әскери қызметкерлердің материалдық, әлеуметтік жағынан қамтылуы

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметшілер мемлекет есебінен заттай мүлікпен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Оларға ай сайынғы ақшалай үлес төленеді және әскерге шақыру бойынша немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет мерзімі өткеннен кейін әскери қызметтен босатылған кезде жұмыстан шығу жәрдемақысы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал көрсетілген әскери қызметшіге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген адамдар әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы. Ал оқуға түскен жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін жалпы орта білім базасында жоғары, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына түсуге құқылы. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мемлекет есебінен санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.

Көтермелеу түрінде жалпы әскери жарғыларда айқындалған тәртіппен қысқа мерзімді демалыс беріледі. Қысқа мерзімді демалысқа және кері қайту кезінде мемлекет есебінен темір жол, автомобиль және ішкі су көлігінде жол жүруге құқық беріледі. Әскери-медициналық мекемелерде ұйымдарда, бөлімшелерде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Суреттер: Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға