Әскердегі сарбазға анасы тосын сый жасады

Ана жүрегі әрдайым баласын аңсап, сағынышпен күтеді. Осындай аналық махаббаттың жарқын көрінісі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Оңғарсын Ақмуратовтың анасы Илья Сақтағанқызы баласын туған күнімен арнайы келіп құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласынан ұзақ жол жүріп келген ана ұлын көрген сәтте көзіне жас алып, перзентімен қауышудың қуанышын сезінді. Баласы 20 жасқа толған мерейлі күнінде анасының жанында болуы – сарбаз үшін үлкен сый болды.
Баламның әскери борышын абыроймен өтеп жатқанына мақтанамын. Сағынышым қойныма сыймаса да, оның ел қорғау жолындағы қадамына қолдау білдіремін. Әрбір ата-ана үшін баласының амандығы мен елге адал қызмет етуі – ең бастысы, – деді анасы толқып.
Қатардағы сарбаз Оңғарсын Ақмуратов – 9 ай бойы Отан қорғау міндетін адал атқарып келе жатқан жауынгер. Ол маусым айында әскери қызметін аяқтап, туған жеріне, отбасына оралмақ.
Әскери өмір – әр азаматтың шыңдалу кезеңі. Ал ата-ана үшін сарбаз ұлының амандығын тілеп, оның азамат болып қалыптасуын бақылау – үлкен мақтаныш.
