Жаңалықтар

Әскердегі әлімжеттік пен суицид тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады - сарапшы

Әскердегі әлімжеттік пен суицид тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады - сарапшы
Фото: Коллаж El.kz 07.05.2024 15:01 7072

Әскер – шабуылдың емес қорғанудың құралы. Қазіргідей геосаяси ахуал өршіп тұрған уақытта қорғанысымызды бекемдеп, ел іргесін нығайтқанымыз абзал. Бүгінде әлемдік алпауыт елдер қолдағы бар қаруын сыбап, небір аппараттармен қаруланған. Бұл ретте қазақ әскерінің әлеуеті қандай? Осы және өзге де сауалға жауап алу үшін El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі белгілі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовпен сұхбаттасты.

El.kz: Алдымен бүгінгі қазақ әскерінің әлеуеті жайында айта кетсеңіз. Қазіргі геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған уақытта Қазақстан армиясының кез келген қауіпке тойтарыс беруге қауқары жете ме?

Ермек Сейітбатталов: Қазақ әскерінің әлеуеті туралы парламенттегі комитет отырысында Қазақстан Қарулы күштерінің бас штабы басшысының баяндамасынды айтылды. Бұл мәселе жөнінде көгілдір экранда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде біраз әңгіме көтерілді. Ел арасына тараған мәліметтерден-ақ еліміздің Қарулы күштерінің әлеуеті қандай екенін пайымдауға және болжауға болады. Қазақ әскері бүгін кез келген қауіпке тойтарыс беруге қауқарлы деп айтуға болмайды. Жалпы Қазақстан Қарулы күштеріне кең және терең реформа өткізу керегі екені бүгінгі күні бізге өте жақсы белгілі болып тұр.

Әскердегі әлімжеттік пен суицид тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады - сарапшы

El.kz

Қазіргі геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған уақытта және Қазақстан сол шиеленіскен дүниенің жеті жолының торапында тұрғанда, Қарулы уүштерге деген халықтың сенімі, әскерилерге өте жауапты талап арттырады. Сол талапқа Қарулы уүштер сай болуы керек. Менің ойымша, сай болу үшін әлі көп қызмет ету қажет. Қазіргі министр, бас қолбасшылар, командирлер, басшылар, қысқа мерзімде нақты-нақты жұмыстар жүргізуі керек.

El.kz: Кейбір ақпарат көздеріне қарасақ, қазақ әскері Өзбекстаннан артта қалған дейді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Ермек Сейітбатталов: Иә, мұндай мәлімет 2023 жылдың соңында шыға бастады. Биыл біздің әскерді Өзбекстанның алдына шығарып, 58-ші орынға көтерген. Бұл «Global Firepower» ғаламторының рейтингі. Иесі – блогер америкалық азамат Дэниел Пучек. Бұл азаматтың ата-анасының ұлты – поляк. Кезінде Польшадан келген болуы керек. Блогердің негізгі кәсібі той жабдықтарын насихаттап, жарнама жүргізіп, сол жабдықтарды сату. Ал Global Firepower (глобалдық отты күш) бұл қосымша кәсібі. Ешқандай зерттеу, іс-сапарға шығып, пікірталас өткізіп және басқа шаралар жүргізбейді. Әлемдегі әскери күштердің рейтингін реттеп, орын беру үшін белгілі күрделі жұмыстар жүргізетін көрінеді. Бұл блогер әлемге белгілі көп әскери ғалымдардың, әскери сарапшылардың сынына түскен азамат. Бекітілген методикасы, мәлімет алынған дереккөздерге сілтемесі көрсетілмеген және ізі де жоқ. Сол себепті рейтингтері жалған деп саналынады және сенуге болмайды.

El.kz: Қазақ жастары неге әскерге барғысы келмейді?

Ермек Сейітбатталов: Бір сөзбен айтқанда – әскердің тартымдылығы жоқ. Бір жыл Отанға әскери борышын өтегенде, жас жігіт өзі одан ешқандай пайда көрмейді. Уақыты босқа өтеді және әскерде бүгінгі таңда айтарлықтай тәртіп жоқ. Командирлер мен басшылар дұрыс тәрбие бере алмайды. Олардың методикалық қабілеттері шамалы, тәжірибелері шектеулі. Бір-бірімен тартыс, құнды заттарына талас. Тәртіпті бұзу әдет болып кеткен. Жауынгерлік дос деген ұғым өз құнын жоғалтқан. Сол себептен қазіргі жастардың әскерге баруға ынтасы жоқ.

Кеңес Одағы дәуірінің алғашқы кезінде, әскерге баратындар жұмысшылардың және кедей шаруалардың балалары болатын. Мектепті толық бітірмеген, тамағы, киімі жетікті қамтамасыз етілмеген. Әскерге барған сойын тәрбие алып, бүтін киім киіп, өмірге, саяси оқиғаларға көзқарастары өзгеріп келеді. Күнделік өміріне жарайтын мамандыққа ие болып, өмірге төзіліп, қиындықтарды жеңуге дайын болып кететін.

Сол заманда әскерге бару алға басқан прогрессивті қадам болды. Ол уақытта әскерге барып, алға басып, жақсылықпен және елдің сый-құрметіне ие болғысы келді. Әлеуметті қоғамның мүшесі ретінде салмағы маңызды болғанын қалап, әскерге баруды армандайтын.

Қазіргі өмір мүлдем өзгерді. Ал әскер сол өзгермеген бетімен қалды деуге де болады. Кеңес Одағының ұғымымен сол стандартымен қалған сияқты. Бүгінгі өмірге бұл сәйкес келмейді. Жастар әскери борышын Отан алдында қалай өтеуі керек екені жөніндегі жүйені өзгерту қажет болып тұр. Ол үшін заманға сай етіп, озық әдіс-бағдарламалар енгізу керек. Ал оны бүгінгі әскери қолбасшылар мен басшылар жақсы түсінген дұрыс.

El.kz: Әскерге барушылардың талпынысын арттыру үшін не істеу керек?

Ермек Сейітбатталов: Әскер қазіргі жастарға алға басатын қадамына себеп болатын баспалдақ болуы үшін бірінші әскер өзі өзгеруі керек. Әскерге барған жастар, майданға қатысып жеңу үшін соғысудың озық әдістерін үйренуі қажет. Саясатқа көзі ашылып, экономика жағынан өздеріне пайда көретін әдістермен танысып оны меңгеруді үйрену. Әлеуметтік жағынан алға басып, жаңа білім-тәжірибе жинап, тәрбие алу. Технологияларды меңгеріп, әскерден келгенде университет бітірген жастардан артық болмаса кем болмауы қажет. Сонда әскерге құштар болмаса да, көп жастардың басында «әскерге барайын ба?» деген ой туатын еді. 

Әскердегі әлімжеттік пен суицид тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады - сарапшы

El.kz

Бүгінгі күнде әскери қызмет тартымды болу үшін мемлекет кейбір шаралар қолданып жатыр. Әскерге барған жастарға, қазір заңды түрде, жоғары оқуға ақысыз түсу үшін грант беріледі. Банктан алған кредитіне каникул қосылады. Тағы сол сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ осы жеңілдікті күткен бір жыл мерзім ішінде әскерлер дене шынықтыру мен қаруға ие болудан басқа жетістіктерге жетпейді.

El.kz:Әскерден кейін грантқа оқуға түсіп, соны меңгеріп кетсе, бұл жақсы, ал бірінші сессияда құлап, оқу орыннан шығып жатса қалай болады? Әскердегі еңбегі зая кете ме?

Ермек Сейітбатталов:Егер оқуды алып жүре алмаған азаматты оқудан шығармай, әскери қызметін сыйлап оқу мекемесінде қалдырса, ертең мемлекетіміз қандай деңгейдегі мамандарға ие болады? Бұл мемлекеттік дәрежесі бар маңызды сұрақ.

Тағы бір айтатын жайт бар. Әскери мерзімі толған сайын банк әскерден қайтқан азаматтың жұмысқа орналасқанын немесе орналаспағанын күтпейді. Банкте кредитінің ақысы өсе бастайды.

Сонда біз осы қолданған шаралармен бұл азаматтардың мәселелерін шештік делік, бірақ шешілген жоқ, тоқтатып қойдық. Бәрі уақытша. Мәселелердің тамыры қалды. Жалғасы болады, әріқарай өседі. Сол азаматтардың және жалпы елдің мемлекетке деген сенімі сарқылады. Елдің сенімін өз қолымыздан девальвацияға ұшыраттық.

Қорғаныс саласының мәселесін шешеміз деп басқа жолға түсіп кеткен жоқпыз ба? Қаражаты шектеулі азаматтарды оқуға түсіреміз деп әлеуметтік сала мәселесін, ауылда білім беру сапасы айтарлықтай төмен деп, білім саласының мәселесін, жеке бастың кредитінің мәселесін шешеміз деп әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешіп кеттік ғой. Бірақ олардың да түпкі нәтижесіне жеткен жоқпыз. Біз ештеме шатастырып жүрген жоқпыз ба? Елді жаудан қорғау мәселесін қай жерде, қашан шешеміз? Әскеріміз болса елді қорғауға арналған. Бағанағы біз атап өткен мәселелерді бұл сала шешпейді. Сонда қай саланың мақсатына біз қызмет істеп жүрміз?, – деген сұрақ туады.

El.kz: Өзге елдерде мәселен Түркияда әскерге бармау ұят тірлік болып саналады екен. Ал біздің елде бұл жағы қалай?

Ермек Сейітбатталов: Ол үшін ұлттық идеология болуы керек. Ал ұлттық идеологияның іргетасы, фундаменті – ұлттық мүдде. Ал оның іргетасы қазақ еліне бірдей болатын ортақ құндылықтары. Әділеттік, намыс, ар-ұят деген ұғымдар. Дәстүр, салт-ғұрыптары. Бір тіл, бір дін, бір жер, бір құқық, бір несібе, ортақ тағдыр. Жалпы, қазақ елін ежелден біріктіріп тұрған дәстүрі болатын. Бір жағадан бас шығарып, жеңнен қол шығарып, қазақ ұлтын қалыптастырған. Қазақтың дәстүрі Ұлттық Конституциясының міндетін атқарып тұрған. Салт-ғұрпы қосылған. Ал қазір әлі де солай болып тұрса, біздің жігіттер әскерге бармауды қаламаушы еді. Ондай жағдай намысына тимеуші еді.   

El.kz: Әскерде әлімжеттік және суицид көп екені айтылады. Әлімжеттік пен суицидтің бір-біріне байланысы болуы мүмкін бе?

Ермек Сейітбатталов: Әбден мүмкін. Бірақ кейде суицид басқа себептерден де болады. Ал енді әлімжеттікті талқылайық. Мұндай құбылыс әскерге келген жас толқынмен дұрыс қызмет істелмеген жағдайда туады. Қатал тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады. Үйреншікті, әскерге шақырылмаған кезіндегі бұзақы әдетіне басқан азаматтар, ұжымның соры болатын оқиғалар осыдан да туындап жатады. Алдын ала мұндай жағдайды туғызбайтын шаралар қолдану керек.

Жастарды әскери қатал тәртіпке тартып, үйрету қажет. Азаматтық өмірдегі әдеттерін ұмытып, бір тәртіппен, бір режиммен, бір талапқа өмірге баулу. Жұмыста олардың психология ерекшелегін де бақылап жүру керек. Жас толымның арасында нәзік сезімді азаматтар болуы мүмкін. Олармен ерекше жұмыс жүргізу қажет.

Жас толымның өмірлері қатал бақылауда болуы керек. Отыз күннен кейін олар келесі тұрақты әскери міндетін атқаратын бөлімдерге кетеді. Кейін әскери қызметке әбден төзіліп, баяғы инкубатордан шыққандай әдеттері өзгеріп, жеке тұлғалық мінездері анықтала бастайды. Бірақ бұл кезде олар әскери қызметте кездесетін қиыншылыққа қарсы тұра алатын қасиетке ие болады. Бұзақы мінезді, әскерге бірге шақырылған азаматтардың физикалық әлде психикалық шабуылына тойтарыс бере алады. Әскери өмірге үйреніп, жақсы таныстары, жолдас-жоралары пайда болады. Психикасы да мықты болып қатаяды.

Суицидқа баратын адамдардың портретін көрсетейік. Бұлар әдепті, ұятты, өз-өздеріне қатал талап қоятын, бар оқиғаларда өз-өздерін кінәлайтын, тұңғиық, қиялдарымен, ойларымен бөліспейтін, жолдастары аз, өмірде аса белсенділік танытпайтын адамдар. Олар физикалық жараны көтере алса да, психикалық жараны көтермейтін адамдар. Осындай адамды, жоғарыдағы айтылған әскери өмірдің жағдайын модельне қойып, оның қандай реакциясы болады екен деп сұрақ қойсаңыз, көз алдыңызға елестете аласыз. Кейде әскери өмірдің қатал талабына шыдай алмайтындары да болады. Бұндай азаматтарды әскерге шақыру алдында, әлде жас толымдар курсын өтіп жұргенде байқалып қалған кезінде коммисиядан өттіріп, әскери борышынан босату қажет.

El.kz: Әскердегі осындай келеңсіздіктердің алдын қалай аламыз?

Ермек Сейітбатталов: Мен келеңсіз деген сөзді мағанасын «орынсыз», «жөні жоқ», «ретсіз» деп түсінем. Мұндай құбылыстарға, алдына ала бөгет жасау үшін меніңше қызметте мынадай қағида ұстану керек. Істелініп жатқан жұмыстың мақсаты анық, түгеліне түсінікті болуы қажет. Кейбір жағдайда құпиялық мақсаттар болады, бірақ олар бейбіт кезде сирек кездеседі. Мақсат анық болса, оған қалай жететін жолда анық болады. Десе де жету үшін қаражат, уақыт, басқа құралдар да қажет болады. Оларды тауып алу, қолдану, мақсатқа жету идеясы стратегиясын тудырады. Мақсатқа жету жолы оқ атқандай түзу болмайды. Кей жерде алға, кей жерде оңға әлде солға жүріп, кейде шегіну қажет болады. Бұл мақсатқа жету тактикасы, яғни, біздің ұстанған саясатымыз болады. Жаңағы айтылған әдістерді әр қолбасшыға, әскери қызметкерге, жауынгерге түсіндіріп, оқу-жаттығу кезінде үйретіп отырса, керек кезінде ол сіздің бір ымдағаныңыздан түсініп орындап отырады. Осындай жағдайда бағанағы айтылған келеңсіздік те, орынсыз да, жөн-жосықсыз, ретсіз жағдай тумайтын болады.

El.kz: Қазір дрон арқылы соғысып жатқан елдер бар. Жалпы осы дронға қатысты ойыңызды айтсаңыз. Біздің елге дрондар қажет пе?

Ермек Сейітбатталов: Әрине қажет. Ұшқышсыз аппараттарды, дрондарды, квадрокоптерлерді қолданып барлау-бақылау жұмысын жүргізу керек. Дәл сондай құралдармен, қару-жарақпен жабдықталған түрлерімен жауынгерлер шабуыл жасап, жауға соққы мен ұрыс беріп отырса өте орынды болушы еді. Аталған құралдарды жау жойса адам шығыны болмаушы еді. Бұл қазіргі заманның соғысында ұтымды және өте құнды нәтиже. Осы құралдарға тәрізді құрлық әскерде роботтары, теңізде теңіз пилотсыз аппаратары болса, бұл жақсы алға басқан қадам деп санауға болушы еді. Адамзат келешекте осындай құралдарға сүйеніп соғыста, шайқаста жүргізетін болады деп санаймын.

El.kz: Еліміздің қорғаныс қабілетін қалай күшейтеміз?

Ермек Сейітбатталов: Еліміздің қорғаныс қабілеті, елге шығын келтірмей, жаудан қорғап қалу мүмкіндігімен өлшенеді. Мен айтып тұрғаным тек Қарулы Күштер емес, бүкіл ел. Ал  Қарулы Күштер ғана емес, түгел елді соғыста жеңіске жетуге даярлайтын стратегті сала – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабы. Бірақ Бас штабтың қазіргі жағдайы басқа болып тұр. Оның қателік себептері бар. Бұл мәселеге әзірше тоқталмай-ақ қояйық.

Әскердегі әлімжеттік пен суицид тәртіп пен бақылау жоқтықтан болады - сарапшы

El.kz

Келесі бір фактор. Соғыстың мақсаты жеңіс. Ал жеңіс бірнеше саладан құралады. Бірінші – жаудың соғысты әріқарай жалғастыру мүмкіндігін жою керек. Бұл өте маңызды және соғыстың ең басты мақсаты. Сол арқылы жеңіске жетуге болады.

Балаларға айтатын ертегіде ешқашан өлмейтін Кошейдің өмірі жұмыртқаның ішіндегі инеде болатын білетін шығарсыздар? Дәл сол сияқты жаудың соғысты жүргізе беретін мүмкіндігі экономикасында болады. Ол қару-жарақ шығаратын өндірісінде немесе қару-жарақ сатып алуға қол жеттіретін басқа салаларында. Қаражатын толтырып, жұмысшыларына жалақы төлеу, азық-түлікпен халқын қамтамасыз ету мүмкіндігінде. Өндірісін электр, тағы басқа қуаттар мен қамтамасыз етуінде. Әскерге арнаулы киім, сайман, құрал дайындайтын жерлерінде. Осы объектілер соғысып жатқан әскерге заңды нысана болып саналады. «A la guerre comme à la guerre» (а ля гер, ком а ля гер) деген мақал бар. Бұл мақал «Соғыста соғыс сияқты» деген мағынаны білдіреді. Жаудың экономика объектілердің бәрі заңды нысана болып саналады.

Екінші фактор – бұл жаудың әскери салалары орналасқан объектілері. Дәлірек айтқанда – басқару, барлаушы-бақылаушы бекеттері, аэродромдары, көпірлер, теміржол тараулары, өзен жағасындағы причалдары, қару-жарақ, оқ-дәрі, жанармай, азық-түлік, тағы басқа заттарын сақтайтын қоймалары. Дәл осындай сала терең тылда, екінші легінде және алдыңғы қатарында орналасады. Осы жүйе арқылы алдыңғы қатарды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, жанармаймен, жаңа киім-құралдармен, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ал ол болмаса алдыңғы қатарда, жаумен шектелісіп жатқан жебеде, көңіл-күйі, жағдайы, жігері, бәрі төмен болады. Мұндай жау көп уақыт қарсы тұралмайды, қиыншылық туғанда, түгелін тастап қашады.

Осындай жағдайға жету үшін мақсатқа сай қару-жарақ болуы керек. Жаудың терең тылын, екінші эшелонын, алдыңғы жебесін тыңды жыртқандай жыртып, сол қойған мақсатқа жету қажет. Сонда жеңіске бір қадам жақындадық деп саусақты бүгуге болады.  

Үшінші айтып кететін фактор. Қазіргі кезде жау шекараға әскерін әкеліп төгіп, содан кейін шабуыл жасамайды. Ресей мен Украина соғысына қарамаңыздар. Бұл 1914 жылдың ескі соғысының әдістері. Айырмашылығы тек ұшқышсыз аппаратты қолдану. Мен әдейі түгелін жайып, дастарханды жайғандай отырмын. Ел білсін деген мақсатта геосаясат жағдай тым шиеленесіп кетті. Ертең не боларын бір Жаратқан ғана біледі.

Төртінші фактор. Классикалық соғыс, жау әуеден шабуыл жасаудан басталады. Егер бізде әуе шабуылына қарсы қоятын даяр күш болса, бұл өте жақсы фактор. Ал сол күш заманға сай, жоғары дәрежедегі технология қолданылып даярланған қару-жарақпен қамтамасыз етілсе, бұл үлкен жетістік деп санауға болады. Осы күш жаудың атқылаған баллистикалық, аэробаллистикалық және қанатты зымырандарын онымен қоса ұшқышсыз аппараттарын, әскери ұшақтарын жоғары дәрежеде жойып отырса, біздегі объектілерге соққы бермей, шығынсыз өз қызметін көрсете берсе, біз жеңіске бір мәрте жақын боламыз деген сенім болады.

Осы төртінші фактордың қортындысы әуе шабуылына қарсы қоятын күшті заманға сай қару-жарақпен қамтамасыз ету керек.

Бесінші фактор. Бағанағы атап кеткен жаудың экономикалық, жауынгерлік объектілеріне жететін қару-жарақ керек. Жау зымырандарын өндіріп әлде сатып алып, біз жаққа атқыламай тұрған кезінде ұшқышсыз аппараттарын превентивтік соққы беріп жойған дұрыс.

Осы фактордың қортындысы былай болайын деп тұр: алысқа соққы беретін жүйеге заманға сай қару-жарақ керек. Қаражат осы жүйеге және бұдан бұрын айтылып кеткен салаға қомақты жұмсалуы керек.

Алтыншы фактор. Сол атылған зымрандарға нысаналарды табу үшін және олар дәл тиюі үшін ғарыштағы навигациялық және барлау-бақылау жүйе керек. Қаражат көп кетеді. Бірақ қорғаныс ешқашан арзан болмайды.

Жетінші фактор. Осы елді қорғайтын күштерді басқаратын жүйе керек.

El.kz:Тұщымды әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға