Жаңалықтар

Әскер мәселесінде жастардың бойынан үрей байқалады – психолог

Әскер мәселесінде жастардың бойынан үрей байқалады – психолог
Фото: © Freepik.com 10.09.2024 18:05 589

Әскер – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің негізгі тірегі, ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Алайда соңғы уақытта Қазақстанда әскер қатарындағы әлімжеттік мәселесі жиі талқыланатын өзекті тақырыпқа айналды. Арасын көп суытпай қатардағы жауынгер «қаза тапты», «суицид жасады» деген жаңалықтар тарады. Бұл жағдай жастардың армияға деген сенімін азайтып, қоғамда теріс пікірлердің қалыптасуына ықпал етеді. Ашығын айтқанда, қазіргі таңда ата-ана баласын әскерге жібермес бұрын жүз ойланып, жүз толғанады. Себебі әскердегі әлімжеттік пен өлім-жітім саны азаймай отыр. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мақалада әскердегі қайғылы жағдай мен әлімжеттікке неге мемлекет тоқтау бола алмай отырғаны жөнінде шолу жасап көрді.

Күні кеше ғана Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде сарбаз көз жұмды. Ресми деректерге сүйенсек, 7 қыркүйек күні  17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан рұқсат етілмеген оқ атқан. Салдарынан оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз жедел ауруханаға жеткізілгенімен, 17:40 шамасында көз жұмды. Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің хабарына сәйкес, сарбаздың өліміне қаруды дұрыс пайдаланбау себеп. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды. 

Полигонда болған оқиғаға қатысты сарбаздың әкесі: «Жан дегенде жалғыз баламды әскерге жіберіп,мәйітін алдым.Бұл абайсызда болған жайт емес!Қару атылып кетуі үшін сақтандырғыштан алыруы керек.Бұл абайсызда болмайды!», - дейді Мараттың әкесі.

Сондай-ақ сарбаздың әкесі қазір Ақтау қалалық тергеу комитетіне бара жатқандығын, істің бұрмаланып кетуінен қорқатынын айтқан.

Бұл жағдай халықтың үрейін үдете түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін атап өткен болатын.

Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты, - деді президент.

Еңбек демалысынан соң өңірлердегі әскери бөлімшелерді аралаған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әскердегі қазіргі ахуалдың жақсы екенін айтқан болатын. Сөзінше, Қазақстан әскеріндегі қылмыстың саны жылдан жылға азайып келеді. Барлық жерде бейне бақылау камералары орнатылған және бақылай тәртібі күшейтілген.

Біз Парламентке күштік құрылымдардың басшыларын жинап, бұл туралы тағы да көтереміз. Егер заңдық тұрғыда мәселе болатын болса, онда заңды шығаруға әзірміз. Меніңше мәселе заңда емес. Өкінішке қарай, балалар көп жиналатын жерде әлімжеттік болып тұрады. Мектепте де және басқа орындар да әлімжеттік бар. Бірақ ешбір ел бұл жағдайдан түбегейлі арылған жоқ. Еліміздегі әрбір жағдай қоғамдық резонансқа тап болып жатыр. Бұл бір жағынан жақсы. Себебі осындай жағдайлар біздің офицерлерді, генералдарды белгілі бір формада ұстайды, арқасын кеңге салуға мүмкіндік бермейді. Осы тұрғыда қоғамдық бақылау туралы заңға арнайы бап енгізген болатынбыз. Бұрын әскерде борышын өтеген азаматтардың өзі «қазір әскер балабақша болып кеткен» деп айтып жатыр. Мінекей, күресудің жолдары осы. Ашықтық пен бақылау бар. Қоғамда не болып жатыр, әскерде сол жағдай орын алады, - деп түсіндірді депутат.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2020-2023 жылдар аралығында 270 әскери қызметші қаза тапқан. Оның ішінде 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы 11 әскери көз жұмды. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептерінің бірі ауырып қайтыс болу – 36%, жол-көлік оқиғалары салдарынан – 24%, суицид – 20%.

Әскердегі моральдық ахуалдың төмендеуі

Әлімжеттік орын алған әскери бөлімшелерде сарбаздар арасындағы  қарым-қатынастар нашарлап, ұжымдағы ынтымақтастық әлсірейді. Бұл жағдай әскери қызметтің сапасына, жауынгерлік дайындық деңгейіне және бөлімнің жалпы жұмыс қабілетіне кері әсер етеді. сарбаздар арасындағы сенімнің жоғалуы әскери міндеттерді орындау барысында қиындықтар туғызады.

Жастардың әскерге деген теріс көзқарасы

Мамандар әлімжеттіктің әскерде жиі кездесуі жастардың армияға деген қорқынышын арттыратынын айтады. Бұл әсіресе жастардың әскерге баруға деген қызығушылығының төмендеуіне әкеледі. Жас жігіттер мен олардың ата-аналары әскер қатарында зорлық-зомбылық пен қорлыққа ұшырау мүмкіндігінен қорқып, әскери қызметтен жалтаруға тырысады. Бұл жағдай елдің қорғаныс қабілетіне және әскерге жаңа сарбаздарды тартуға кері әсер ететіні сөзсіз.

Психолог Мигүл Бимағамбетова өз тәжірибесінде әскерден үрейленетін жастармен жұмыс істегенін айтады. Сөзінше, мұндай үреймін жүрген жастардың қатары көп. Сондықтан өз еркімен әскерге бару жылдан жылға сиреп барады.

Әскер мәселесіне келгенде жастардың бойынан үрей байқалады. Тіпті қосалқы мәселелер, оқу, білім алу, жұмысқа тұру, ақша табу мәселесінен әскерге деген қорқынышы өте басым болып келеді. Ал бұл үреу бейсаналық түрғыда білім алуға, жұмыс істеуге әсер етеді. Неге десеңіз, кейде жастар әскерден қашып жүреді. Тіпті әскерге өз еркімен барып, борышын өтеп келген жастар жұмыс істей алмай, қорқақтап қалатын, үрейге батып кететін жағдайлар да болып жатады. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар болды, - дейді маман.

Оның сөзінше, қоғамда әскер мәдениетіне қатысты түсінікті жағымды жағына қарай өзгерту керек. Әйтпесе, бұл үрей жастардың бойында қалыпты түрде болып отырады.

Психолог әскерде әлімжеттік көрген азаматтың бойында «посттравматический синдром» пайда болатынын айта кетті.

Жастардың әскерге физикалық тұрғыдағы дайындығымен қоса, әскердегі жаттығуларды үлгеріп жасай алатындай, әлімжеттік кезінде өзін өзі сақтап қалатындай коммуникациялық деңгейін жоғарылату керек. Төбелеспен емес, сөзбен бейбіт қадам жасайтын коммуникациялық жастарды дайындау керек. Біздің әскерде бауырластық, қарым-қатынас орнату, ашық сөйлесу мәдениеті өкінішке қарай жеткілікті деңгейде қаралмаған, - дейді Мигүл Бимағамбетова. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға