Жаңалықтар

Қасиеттi сөз баяны

Жазба тарихта ХI-ХII ғасырларда қыпшақтарда Бөрiтегiлер Ордасының болғандығы туралы нақты деректер бар.
30.06.2014 11:17 3746

Сен бiр мақалаңда («Ау-у-у». Қасқыр мифi мен тотемi құпиясын шешуге талпыныс, «Парасат» журналы, 1997, №10) қас­қыр мифiнiң негiзiнде өзiмiзге күнделiктi тiршiлiктен таныс бөрi бейнесi емес, қасиеттi «ау» сөзi жатқандығы туралы жаз­­­­­­­­ғансың-ды. Уақыт өте келе осы киелi сөз кәдiмгi қасқыр об­­­­­­разымен ұштасып, тотемге айналды деген едiң. Мифтiң екiн­­­­шi үзiгi бойына жасырған құпияның шешiмi осындай екен­­дi­­гiне дау жоқ. Киелi сөздiң символдық мәнi бар затқа (бұл жер­­де жануарға) айналу процесi ұрпақтар санасында сандаған ға­­сырлар бойы үздiксiз жүрiп жатты. Нәтижесiнде ақындық қиял­­дың жемiсiндей әдемi де қаһарлы қасқыр мифi дүниеге кел­дi. Өйткенi, ендiгi бұлыңғыр тарих қойнауында қалған әлдебiр кездерi бағзы түркiлердiң жан-дүниесiн қозғап, қы­­сыл­­таяң сәтте қорған бола бiлген Сөзге (иә, түркiлердi қас­қыр емес, киелi сөз қорғап қалған) Тәңiрi құдiретiмен осы ма­құ­­лықтың да тiлi келетiн. Күлкiлi болса да айтайық, таңсәрiде мұ­­нараға шығып алып сарнайтын мұсылман азаншысының бай­ырғы бiр кездердегi далалық прообразы да сол серттен тай­­мас жiгiттiң бейнесiндей көкжал Қасекең едi. Мажарлармен шай­­қасқа кiрер алдында қыпшақы елдiң көсемi Боняк ханның оңаша кетiп, қасқыр болып ұлитындығының осындай құпиясы бар. Себебi, оның арғы тегi де басқа емес, осы көкжал Бөрi бол­ған!

Жазба тарихта ХI-ХII ғасырларда қыпшақтарда Бөрiтегiлер Ордасының болғандығы туралы нақты деректер бар. Олар да өздерiн түркiлердiң арғы атасы – (дәлiрек айтқанда анасы) қасқырдан тарататын. Бөрiтегiлер Ордасының (Орда атауы да қасқыр тотемiмен байланысты) көсемi Боняк хан бiр мезгiлде осы сенiмнiң бас абызы да едi. Орыс жыл­­на­­масында оның мажар-венгрлермен Вягреде 1097 жылы болатын шайқастың алдында Тәңiрге қалай сиынғаны туралы жазылады: «и яко бысть полунощи и встав Боняк отьеха от рати и поче выти волчьский и отвыся ему волк и начаша волци выти» (С.А.Плетнева. «Хан Боняк и его время» Проблемы археологии. Л. 1978. Выпуск 2. стр. 179). Бұл жерде бiздiң назар аударуға тиiстi тұсымыз Боняк ханның өз сарбаздарынан бөлек кетiп, қасқыр сияқты ұлуға кiрiскен сәтi болса керек. Ау-у-у... Ау-у-у... Ау-у-у... Киелi сәт. Түркiлердi қасқырға тағзым еткiзген де осы сыры тереңде жатқан Ау-у-у едi. (Бүгiнгi қайсыбiр исламнан өзге дiндерге көз алартып қарауға бейiм бауырларымыз осы сәттiң куәсi болса, «ойбай-ау, мына Боняк ханың нағыз буддашы ғой» деп шу шығарар едi. Сосын қосын арасында жалған үрей тудырғаны үшiн басы қағылар-ды. Әрине, басы болса. Дегенмен мiнеуге үйiр бауырлардың үрейiнiң де жаны жоқ емес. Буддизм АУМ-ымен түркi Ау-у-у-ының түбiрi бiр деуге болады. Тек оны аңғара бiлу керек).

Адамзат жады өзiнiң саналы ғұмырында басынан кешiрген дүрбелеңдер мен табиғи апаттарды ешқашан ұмытпаған. Тарихи парақтарға тiркелуге уақытынан кешiккен деректер сөз, ырым, ғұрып-дәс­түр, миф тасасында жасырулы. Тек оларды байқай бiлетiн таным көзi керек. Пiскен алма ешқашан өз ағашынан алысқа түспейдi. Яғни, ақын қиялы да (миф тудырушы) қанша сұрапыл болғанымен, бастапқы нақтылықтан тым алшақ кетуi мүмкiн емес.

Шынында да, миф тудырушы Ақын оқиғаны баяндауда негiзгi желiден тым алыс­қа кете қоймаған болып шықты. Ол бар бол­ғаны, болған оқиғаны далалықтардың тарпаң дүниетанымына сай лайықтап, шеберлiкпен көркемдей бiлген. Шамасы, оның бүгiнгi ұрпақтарының миына сыймай жүргенi де сол бағзы заманғы еркiн дала поэзиясының көркемдiк әдiс-тәсiлдерi болар?!

Бiздiңше, көркем қиял тасасына жасырынған шындық мынау: баланы құтқарған қаншық қасқыр емес-тi. Сол себептi ол Ашина түркiнiң анасы да бола алмайтын. Яғни, баланың анасы ұзын бұрымды, алтын құрсақты кәдiмгi әйел затынан едi деп түсiнген дұрыс. Миф пен нақты ғылым арасындағы өзара түсiнiспеушiлiктi осылай шешуге болады. Жөнi де сол. Жер бетiнде адам қиялынан жүйрiк ештеңе де жоқ. Сен бiрде америкалық үндiстер жайлы фильм көрiп отырып, олардың бiр бiтiмге келерде «хау» деп айқайласатынын байқап қалдың. Үндiстегi «Хау» мен түркiдегi «Ау»-дың арасы алшақ болмаса керек. Шығыс даналығы «Қас қағым сәтте қырық мың жылдың тарихы бар» дейдi. Олай болса, жал­ғыз ауыз сөзде де бүкiл адамзат тарихына қатысты сыр жатуы мүмкiн ғой. Болмаса, мына ғажайыпты қалай түсiндiруге болады? Әлемдiк мифологиядан «Ау» сөзiне тiкелей қатысы бар ондаған деректердi ұшырата аласыз. Солардың ең қызықтысы – үндiстердiң снохимиш тайпасынан жазылып алынған аңыз. Олар: «Көне бiр замандарда аспан жерге төнiп тұратын болған екен. Адамдар белiн жазып еркiн жүре алмайтын болғандықтан, тiршiлiк ету тым қиын едi. Уақыт өте келе адамдар бұлай ұзаққа бара алмаймыз, еңсенi көтертпей арқадан басқан аспанды қалайда көтеру керек деген ойға келедi, бұл мұратты қалай жүзеге асыру керектiгi жайлы ақылдасады. Әр халық әр жақта ғой, олай болса бiр тайпаның күшiмен алып аспанды қалай көтеру мүмкiн? Адамдарды қатты қамықтыр­ғаны да – осы. Дегенмен «көп түкiрсе көл» емес пе, оның да амалы табылған. Данышпандардың кеңесiнен соң, жан-жаққа хабаршылар жiберiлiп, жер бетiнiң әр нүктесiндегi өмiр сүретiн адам баласына бiр мезгiлде «ау-у» деп айқайласын деген тапсырма берiледi. Шынында жер бетiнiң барлық бойлықтары мен ендiктерiнен бiр мезгiлде «ау-у» деген айқай шыққанда, қорғасын бұлттай болып жатып алған аспан сәл көтерiлгендей болған. Қуанған адамдар «ау-у-у-у» деп айқайла бередi, айқайлай бередi. Алып аспан да бiрiншi адам, сосын терек бойындай, кейiн құс ұшатындай биiкке алыстайды. Көтерiле-көтерiле бүгiнгi қалпына келедi. Адамдар белiн жазып, денесiн тiктеп, емiн-еркiн өмiр сүре бастайды. Адамзат бiрлiгiнiң қуатын көрсететiн сол бiр ғажайып кездерден естелiк ретiнде, бiз әлi күнге каноэ ескенде «ау-у» деп айқайлаймыз», – деп әңгiмелейдi (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 210-бет).

Әрине, бұл аңыз. Кәдуiлгi көп аңыздың бiрi. Тек кейiпкерi қасқыр мифiне ұйытқы болған «Ау» сөзiне тел қозыдай ұқсас де­месеңiз. Ал мұндай ұқсастық бекерден-бекер бола ма?! Демек, әлдебiр кездерi жер бетiндегi бүкiл адамзат баласына қатер болып төнген әлдеқандай табиғи апаттың бол­ғандығы ғой. Және жер бетiнiң екiншi жарты шарындағы үндiс аңызы да, түркi қас­қыр мифiндегiдей, бүкiл адамзат баласын апаттан алып қалған «Ау» сөзi бол­ған­ды­ғына мегзейдi. Кездейсоқтық па? Мүмкiн емес. Бәлкiм, христиан дiнiнiң «Киелi хабарларының» бiрiндегi «Басында Сөз болды, Сөз Тәңiрiде едi, және сөз Тәңiрi болатын» деп келетiн тәмсiл тасасында да осы «Ау» сөзiне қатысты құпия жатқан болар? Бiрден айтайық, мұндай батылдықты өзгенiң сенiмiне арсыз қол сұғу емес, жеке адамның бiр сөз төңiрегiнде өрбiген ой тербелiсi деп қана түсiнген жөн.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға