Жаңалықтар

Қашықтықтан басқарылатын көліктер

Назарларыңызға қашықтықтан басқарылатын 5 автокөлікті ұсынамыз
27.11.2015 04:11 6073

Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

Қашықтықтан басқарылатын ойыншықтар, ұшақтар (дрондар), жер серіктері бар. Ендеше қашықтықтан басқарылатын көліктерді неге жасамасқа? Оның технологиясы бүгінгі күннің ғылыми мүмкіндігімен салыстырғанда соншалықты керемет дей алмаймыз. Ғарыш аппараты Күн жүйесінен асып жатқанда, көлікті алыстан басқаруға таңғалатын не бар деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен, кейде қарапайым нәрселердің өзі адам өмірін біршама деңгейде жеңілдетіп тастайтыны бар.

Назарларыңызға қашықтықтан басқарылатын 5 автокөлікті ұсынамыз.

Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

Швециялық Koenigsegg компаниясы Regera супергибриді үшін ерекше опциясын – көліктегі ашылатын дүниенің бәрін қашықтықта тұрып ашу жүйесін ұсынды. Бұл жүйе Autoskin деп аталады. Өздерінің әзірлемесін компания қызметкерлері «роботтандырылған есіктер жүйесі» деп атағанымен, жүйенің мүмкіндігі тек есіктерді ашып-жабумен шектелмейді. Сондай-ақ пульт арқылы автокөліктің капоты мен жүксалғышын да ашуға болады.

 Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

Қытайлық BYD компаниясы 2012 жылдан бастап ішкі нарығына  қашықтықтан басқарылатын F5 Rui көлігін шығарды. Яғни шағын көлікті арнайы пультпен басқаруға болады. Мұндай функция көлік қоятын орын тар кезде немесе ауа райы қиын жағдайда (көлік пен сіздің араңызда жаңбыр әсерінен көлшік пайда болғанда) өте пайдалы.

Қауіпсіздік мақсатында қытайлық конструкторлар екі шектеуші факторды ескерген: жүйені тек 10 метр қашықтықтан пайдалануға болады және көліктің аталмыш режимдегі ең жоғары жылдамдығы сағатына 2 шақырымнан аспайды.

Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

BMW көлігінің 7 нұсқасында автоматтандырылған тұрақ жүйесі бар. Онымен жұмыс істеу үшін жүргізушінің көлік ішінде отыруы қажет емес – тиісті орынға келген соң (көлікті тұрақтың алдына айдап әкелу шарт), иесі өз көлігінен шығып, қолындағы пульт арқылы тұлпарын тұраққа қоя алады. Жүйені кері бағытта да қолдануға болады, яғни тұрақта тұрған көлікті пульт көмегімен шығарып алуға да болады.

Дәл осындай жүйе Мерседестің Е класында (жаңа нұсқаларында) да бар. Тек мұнда пульттің орнына смартфон мен ондағы мобильді қосымша пайдаланылады.

Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

Автортұраққа өздігінен жайғасу механизмін Volvo, Audi және PSA Peugeot Citroen маркалары да дамытуда. Алайда,  BMW  жетінші 7 нұсқасына қарағанда бұл көліктер автотұрақтағы орынды өздері іздеп тауып алады. Кілттен немесе смартфоннан берілген бұйрық бойынша көлік жүргізушіні тастап, бос орынға жайғасып, қажет кезде кері шығады.

Аталмыш көліктердегі дамытылған технология бір-біріне ұқсайды. Олардың бәрі көліктің шанағын бойлай енгізілген арнайы сенсорлар мен радарлар көмегімен жұмыс істейді. Бұл қосымша құрылғылар қозғалыстың өзге де мүшелерін (олардың ішінде жаяу жүргіншілер де бар) аңғаруға мүмкіндік береді.

Audi командасы болса автотұрақтың өзін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуді ойластыруда. Мұндай жағдайда автотұраққа кіргелі тұрған көлік қай жерде орын бар екен алдын ала біле алады және бұл жүйенің қауіпсіздік деңгейі жоғары.

 

Қашықтықтан басқарылатын                                    көліктер

Jaguar Land Rover қиын жолдармен жүретін көліктерді қашықтықтан басқару жүйесімен жұмыс істеуде. Қажетті жабдықтары бар Range Rover Sport 2015 жылы жарық көрген болатын. Жол талғамайтын көлік смартфондағы қосымша арқылы басқарылып, жылдамдығын жоғарылатып және төмендетіп, оңға және солға бұрыла алады. Сынақ режиміндегі көліктің жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспады. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға